Балқаш көлі маңындағы Үлкен кенті атом электр станциясын салуға ыңғайлы жер ретінде қарастырылып отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі атом энергиясы жөніндегі комитеттің төрағасы Мәжит Шәріповке сілтеме жасап.

Комитет төрағасының айтуынша,бұған дейін Курчатов және Ақтау қалалары атом электр станциясын салу алаңдары ретінде қарастырылған болатын. "Негізі, Курчатов резервтік алаң ретінде жақсы келеді. Себебі ол арқылы электр энергияны Ресей Федерациясына тасымалдауға болады. Ақтау жақ онша келе қоймайды. Ал Балқаш көлі маңындағы Үлкен кенті атом электр станциясын салуға барынша ыңғайлы жер ретінде қарастырылып отыр", - деді М.Шәріпов бүгін елордада өткен "Қазақстан - МАГАТЭ: атом энергетикасының инфрақұрылымын дамыту" тақырыбындағы семинарда.
Маманның сөзіне қарағанда, үш аймақта да атом электр станциясын салу үшін сейсмикалық жағдай қалыпты. Сондай-ақ үш жерде де станцияға қажетті судың көлемі бар. "Ал Қазақстанның атом электрстанциясындағы реакторға келер болсақ, оған жылы нейрондарда жұмыс істейтін III және III+ санаттағы референттік су реакторы жақсы келеді", - деді М.Шәріпов.
Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиевтің сөзіне қарағанда, Қазақстанда атом электр станциясын салу үшін, кем дегенде 10 жыл уақыт керек. "Біздіңше, ол 2025 жылға қарай болады", - дейді вице-министр.