6 наурызда Атырауда облыс активі жиыны өтіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын талқылады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
6 наурызда Атырауда облыс активі жиыны өтіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын талқылады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев өз сөзінде Атырау облысы жұртшылығы тарапынан мемлекет басшысының бастамасы қолдауға ие болғанын айтты. Президент ұсынған бастамалардың әрқайсына жеке тоқталған Нұрлан Ноғаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына шолу жасап, құзырлы органдардың алдында тұрған нақты міндеттерді саралады.
Қазақстанда "7-20-25" бағдарламасын енгізу ұсынылып отыр. Сол арқылы жұмыс істейтін әр қазақстандықтың жеңілдікпен ипотекалық қарыз алуына мүмкіндігі болады. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі - жылына 7 пайыздан көп емес, бастапқы жарна - 20 пайыздан көп емес, несие мерзімі 25 жылға дейін.
"Бұл бастаманы орындау жергілікті атқарушы органдардың міндеті, - деді Нұрлан Ноғаев. - 2017 жылы Атырау облысында 624,145 мың шаршы метр тұрғын үй, 5252 пәтер пайдалануға берілді. 2016 жылмен салыстырғанда берілген тұрғын үй көлемі 12 пайызға артты. Мемлекет қаражаты мен жеке қаржыландыру есебінен 36 көп қабатты тұрғын үй берілді, бұл осы бағыттағы жұмыстарды белсенді түрде жалғастыру қажет екенін көрсетеді. Мемлекет басшысы ұсынған ипотекалық несие беру бағдарламасы ел азаматтарының жеке баспаналы болуларына жаңа мүмкіндіктер ашады.
Қазір облыс бойынша 3892 пәтерлі 44 көп қабатты тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Оның 34-і, яғни 2164 пәтер биыл жылдың аяғына дейін беріледі. Президент ұсынған ипотекалық несие берудің жаңа талаптары халыққа көптен күткен баспаналарын жеңілдікпен алуға жағдай жасайды.
"Банктердегі депозиттерде облыс тұрғындарының 21 миллиард теңге мөлшерінде қаражаты жиналған. 2017 жылы екінші деңгейлі банктер 8,6 миллиард теңгенің 860 ипотекалық несиесін берсе, биыл бұл көрсеткішті екі есеге (16 млрд теңгеге 1600 несие) дейін көбейту жоспарланып отыр, - деді облыс әкімі.
Ипотекалық несие алуға бастапқы жарна пайызының азаюы әлеуетті қоныстанушылар қатарын арттырады.
Нұрлан Ноғаев, сондай-ақ салық жүктемесін азайту бойынша Президент ұсынған бастамалардың маңызы жайлы да айтты. Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесін 10 есеге айтып, 1 процент қана салық салуды ұсынды.
Облыс әкімі жоғары білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартудың маңызына да тоқталды.
Атырау облысындағы үш жоғары оқу орнында 12436 студент білім алып жатыр. Оның 1605-і мемлекеттік грант негізінде оқиды. 1612 студент жатақханамен қамтылған. Басқа қалалардан келген 312 студент тұрғын үйге мұқтаж, - деген мәліметтерді айтты облыс әкімі.
2017 жылы 222 студент жергілікті бюджет қаражаты есебінен грантқа ие болды. Кадрларға сұранысты ескере отырып, биыл жергілікті бюджеттен білім беру гранттарына қосымша қаражат бөлу жоспарланды. Биыл мектеп бітіретін 350 түлек мемлекет есебінен білім алуға ниет білдіріп отыр.
Атырау облысы бойынша 25 колледжде 17178 студент білім алуда. Оның 8560-ы мемлекеттік грант иегерлері. Он колледжде 782 орындық жатақхана бар. Жатақханадан бөлме сұрап 771 студент арыз берген. Жатақханада орын тапшылығы мәселесін шешу үшін құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
"Д.Нүрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы" Атырау музыка колледжіне 100 орындық жатақхана салынып жатыр. Аққыстау поселкесінде 320 орындық техниккалық колледж ғимараты салынуда, мұнда 100 орындық жатақхана да болады. 5 жатақхананың жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалды. Жер қойнауын пайдаланушылардың қаражаты есебінен биыл екі жатақхана салынады", - деді Нұрлан Ноғаев.
Шағын және орта бизнесті дамыту жергілікті атқарушы биліктің ұдайы назарында. Кәсіпкерлерге несие беру бойынша мемлекеттік бағдарламалар әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге жол ашып отыр.
2017 жылы "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы бойынша 1,5 миллиард теңгеден аса қаражатқа 312 жобаның проценттік мөлшерлемесі субсидияланды, 1210 жұмыс орны құрылды. Ауылдық жерлерде 191 жоба жүзеге асырылды. 2018 жылы осы бағдарлама бойынша жергілікті бюджеттен 1 миллиард 980 миллион теңге бөлінді, қосымша республикалық бюджеттен 589 миллион теңге бөлу жоспарлануда", - деп атап өтті Н.Ноғаев.
"Бастау Бизнес" бағдарламасы арқылы 750 адам оқытылды. Ауыл шаруашылығы нысандарының шығындарын субсидиялауға 1 млрд 127 млн теңге бөлініп, игерілді. Республикалық бюджеттен қосымша 2 миллиард 300 миллион теңге бөлу қарастырылып жатыр.
2017 жылы нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік мемлекеттік бағдарламасы аясында 253 миллион теңгеге 24 жоба қаржыландырылды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыстарды жалғастырып, шағын және орта бизнесті кішігірім несиелеу бағдарламасының талаптарын түсіндіруді жетілдіруді тапсырды.
Қазақстан Президентінің әлеуметтік бастамаларының бесінші бағыты - елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру. Бұл бағыт бойынша Атырау облысында көп жұмыс жасалды. Қазір екі қала мен 130 елдімекен, яғни облыстың 79,3 пайыз табиғи газбен қамтылған. Басқаша айтсақ, облыс халқының 96,8 пайызы табиғи газды тұтынады. 2018 жылы 135 елдімекенге газ тарту жоспарда бар. 2019 жылдың бірінші жартжылдығында облыстың 145 елдімекенін, облыс халқының 99,2 пайыз газбен қамту міндеті қойылған.
"2017 жылы Азғыр аймағындағы 10 елдімекенді газдандыру блйынша жұмыстар басталды. Құрылыс жұмыстары 2017 жылы "NCOC" компаниясының әлеуметтік бағдарламасы аясында басталды. Жобаның жалпы құны 10 миллиард теңге. Ұзындығы 365 шақырым магистралды газқұбыры салынады. Қазір 53 шақырымға газқұбыры желісі салынды. Осы жұмыстар аяқталғанда облыстың 7400 тұрғыны табиғи газға қол жеткізеді.
Газқұбыры құрылысынан бөлек жалпы ұзындығы 67,6 шақырым ауылішілік желілер де жүргізіледі. Биыл тағы да 8 елдімекенге газ тартудың жобалау-сметалық құжаттамасы жасалады. Осылайша облыс халқының 99,6 пайыз газбен қамтылады.
Облыс активі алдында сөйлеген Нұрлан Ноғаев барлық қатысушыларды мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.
"Бірлесіп еңбек еткенде ғана алдымызда тұрған міндеттерді орындай аламыз. Ол үшін аймақта барлық жағдай бар", - деді облыс әкімі.