Атырау облысының әкімі балықшылардың жұмысын тексерді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Атырау облысының әкімі балықшылардың жұмысын тексерді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысы шекара қызметі, полиция, балық шаруашылықтары басшыларымен бірге Жайық-Каспий бассейнінің жағалау аумағын шолып шықты.
Облыс әкімі "Амангелді" өндірістік кооперативінің балық аулайтын учаскесінде балықшылардың жұмыс барысымен танысты. Тірі балық, аз болса да, бар! Балықшылар осы кезеңге бұл қалыпты жағдай екенін алға тартады.
"Су әлі салқын. Балық аулау енді басталды. Бірақ балық бар екенін көрдік. Сазан, көксерке, табан, қаракөз бар",-дейді балықшылар.
Аталған балық аулау кооперативінің лимиті 1100 тонна, жыл сайын осындай көлемде балық ауланады.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жаңа ауланған балықтарға толы баржаларды қарап, балықшылардан ауға өлі балық түсіп жатыр ма деп сұрады.
Балықшылардың айтуынша, өлі балық бар, бірақ аз. Негізінен Жайықтың жағасында кездеседі.
"Бұл өткен жылы қыс мезгілінде өлген балықтар. Мұз еріген соң жағалауға шығып жатыр"- деп есептейді балықшылар.
Бір сағаттың ішінде балықшылар аудан 1 тоннаға жуық балық шығарды. Көктемгі балық аулау маусымы басталған 4 күн ішінде 7,8 тонна балық ауланды.
Облыс бойынша балық аулау лимиті - 4500 тонна. Өңірдегі 11 балық аулау кооперативі 14 учаскеде осындай мөлшердігі лимитті игереді. Соңғы деректер бойынша, 13,5 тонна қара балық балық ауланған.
Облыс әкімі бастаған жұмыс тобы Жайық-Атырау бекіре өсіру зауытының балық аулау учаскесіне де барды. Аймақ басшысы өзенді тазалап, балық аулауға дайындық шаралары қалай жүріп жатқанына көз жеткізді.
Нұрлан Ноғаев өзен жағалауының тазалығына назар аударды. Жайық жағасында жатқан қоқыстарды жинауды да ұмытпау керек ескертті.
Облыс әкімі қала мен селолық округтердің әкімдеріне, жергілікті мемлекеттік мекеме басшыларына нақтылы тапсырмалар берді.
"Қоқыс жинау жұмыстарын жеделдету керек. Ол үшін адам ресурстары да, көлік те жеткілікті. Су келіп, ағын күшейгенге дейін жинап үлгеру қажет. Бұл жұмысқа бәрі жұмылуы тиіс. Балық аулау кооперативтері айналысып жатыр. Су көлігімен резерват, ТЖ көмектеседі. Біздің міндетіміз қоқыстарды жинап, тазалықты қалпына келтіру", - деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.