Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев алаңға жиналғандардың алдында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі әкімнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев алаңға жиналғандардың алдында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі әкімнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін, 24 сәуірде Атырау орталығындағы халық Исатай мен Махамбет атындағы алаңға Жер кодексіндегі нормаға наразылық білдіру үшін жиналды.
Ресми мәліметтер бойынша, Атырау қаласының орталығында 650-700 шамасында адам жиналып, Жер кодексіндегі нормаларға деген наразылығын білдірді.
Шеруге қатысушыларға Жер кодексіндегі нормалар түсіндірілді, сонымен қатар, ұсыныстарды жазбаша түрде жолдау ұсынылды. "Тыныштықты сақтайық, жағдайды ушықтырмайық. Ұсыныстарыңызды қағазбен жолдаңыздар. Біз шұғыл түрде оларды қарап, қажет болса жоғарыдағы органдарға жеткіземіз", - деді Атырау облысының әкімі Ноғаев.
Жиналғандар бұл ұсынысты қабыл алды.
Әкімнің баспасөз қызметіндегілер қоғам белсенділерінің 10 күн бұрын Атырау әкімдігіне Исатай мен Махамбет атындағы шеруге шығуға өтініш бергенін айтты. Алайда орталық алаң мұндай іс-шаралар ұйымдастыратын жер болмағандықтан, рұқсат берілмеген.
Осыған дейін Tengrinews.kz 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстандағы ауылшаруашылық жерлерінің аукцион арқылы жалға алынатынын хабарлаған болатын. Бұл жаңалық қоғамда қызу талқыға түсті, себебі көпшілік жерді шетел азаматтары алып алады деген болжамдар айтылды. Алайда ҚР Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері мұндай жолмен тек Қазақстан азаматтары ала алады деп түсіндірді, ал шетелдіктер ең көбі 25 жылға жалға алады деп анықтады.
"Біздің азаматтарымыз "қалталы шетелдіктер бар жерді сатып алып қоймай ма?" деген сұрақ қояды. Қазақстанның бірде-бір миллиметр жері, бірде-бір сантиметр жері шетелдікке сатылмайды. Қазақстанның заңнама актілері оған ондай құқық бермейді. Мұндай жағдай жоқ, болмайды да", - деп қадап айтқан еді ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев.