Атырауда бас гитарашы әйел ауылын таза табиғи көкөніспен және жеміспен қамтамасыз етіп отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Атырау облысы әкімнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атырауда бас гитарашы әйел ауылын таза табиғи көкөніспен және жеміспен қамтамасыз етіп отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Атырау облысы әкімнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Исатай ауданының тұрғыны Хисимова Айгүл 2 гектар жерде қарбыз, қауын, картоп, қызанақ, қияр, сәбіз, баялды кәді, асқабақ, егіп отыр. Кәсіпкердің айтуынша, оның өніміне сұраныс өте жоғары.
"Піскен өнімдерді дүкенге қойған күні-ақ халық талап алып кетеді. Сұраныс жоғары. Өнім көлемін көбейтуді жоспарлап отырмын. Сонымен қатар, көкөністер мен жемістерді консервілеп сату жұмыстарын қолға алуды да көздеймін", - дейді кәсіпкер.
Кезінде бас гитарада ойнаумен айналысқан музыкант әйел 2013 жылы Аққыстау ауылынан 6 гектар жер алған. Сол жылы "Жұмыспен қамту 2020" бағдарламасымен "Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры" арқылы 3 миллион теңге несие алды.
Қазір отбасылық бизнес негізінде жылыжайда және ашық жерде егіншілікпен айналысып отыр. 2 гектар жерден бүгінге дейін биыл 2 тонна қауын-қарбыз, 2,3 тонна қызанақ, 4,5 тонна қияр, 0,7 тонна сәбіз, 0,8 тонна кәді шыққан. Кәсіпкер өнімін аудан тұрғындарына арзан бағамен сатып отыр.
"Жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндік көп. Мемлекет тарапынан қолдау бар, қоғам тарапынан түрлі тауарға сұраныс бар. Өзімнің аймақ басшылығына алғысым шексіз. Барынша қолдап келе жатыр. 2015 жылы егіндігіме жел диірмені мен күннен қуат алатын батарея қондырып берді", - дейді Айгүл.
Айта кетелік, бұған дейін Исатай ауданына жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев ауыл халқын кәсіпкерлікпен айналысуға шақырды.
"Немен айналысқыңыз келсе де, мемлекеттен қолдау бар. Жергілікті атқарушы билік тарапынан да көмек бар. Түсіндіреміз, көрсетеміз. Бастысы өздеріңізде ниет болса болды. Өздеріңізге де пайдалы, жаңа жұмыс орындары да ашылады, аймақ та дамиды", - деген еді Нұрлан Ноғаев.
Айта кетелік, Атырау облысында соңғы 5 жылда "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы аясында 40 миллиард теңге бөлінген. Барлығы 431 кәсіпкер көмек алып, 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Ал, облыстағы егілген егістік көлемі 6 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 20 пайызға жуық өсті.
Естеріңізге сала кетелік, бүгін, 9 қыркүйек күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қазақстанда, әсіресе, ауылдық жерлерде шағын несие беру мәселесімен тереңірек айналысуды тапсырған болатын. Елбасы, сонымен қатар, ауылдарда кооперативтер құру жұмыстарымен айналысу керектігін айтты.