Атыраулық тәртіп сақшылары мола тонаған қарақшыларды құрықтауға кірісті, деп хабарлады Tengrinews.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Атыраулық тәртіп сақшылары мола тонаған қарақшыларды құрықтауға кірісті, деп хабарлады Tengrinews.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарнаның мәліметінше, ұрылар тек соңғы аптаның өзінде оннан аса бейіттің темір, шойыннан жасалған шарбақтарын тонап кеткен. Марқұмдардың туыстары ішкі істер органдарына арыз жазғаннан кейін ғана полиция іздеуге кіріскен болатын. Қазір ұрылардың алдыңғы легі ұсталып, айыптарын мойнына алды.
Жалпы полицияға шағым жазған он отбасының мүшелері ғана. Бейіт басына көптен бармаған қалған көпшілік бұл бейбастық жағдайдан хабарсыз болуы да мүмкін. Ұрылар әсіресе тамыз айында қылмыстарын үдете түскен.
"Менің ағамның бейітінің қоршауын түгел сындырып алыпты. Бағаналары ғана қалған. Ал қасындағы бейіттің шарбақтарының тек жартысын ғана алып үлгеріпті. Мүмкін қалғанына келер деп аңдып та көрдім, бірақ қолға түсіре алмадым. Бұл енді барып тұрған азғындық. Әруақтардың алдында тірілер ұятқа қалдық", - деді Атырау қаласының тұрғыны Александр Насенков.
Қазір 7 дерек бойынша кінәларын мойындаған алғашқы топтың мүшелері құрықталды. Заңсыз темір қабылдау орындарының бірінен 75 дана шойын шарбақ тәркіленді.
"Бұл аудандағы учаскелік инспектор қырағылықты күшейтті. Бейіт әкімшілігімен бірігіп жұмыс істейтін болады. Ең алдымен бейіт ішінде бейсауат жүрген адамдар жауапқа алынады", - деді облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Назымгүл Қайсағалиева.
Бейіт әкімшілігі де бұдан былайғы кезде бақылауды күшейтетін болады.
"Кірер-шығар есіктердің барлығына бейнекамералар орнатамыз. Күзет қызметін де күшейтіп, түнгі мезгілде әр 2-3 сағат сайын бейіт ішін аралап шығатын болады", - деді зират қызметкері Сырым Күлшиев.
Атырауда тек бейіттегі темір қоршауларды ғана емес, кәріз желілеріндегі шойын қақпақтарды, қала берді көпқабатты үйлердегі лифтілердің темір арқанына дейін үптеп кетуді дағдыға айналдырған. Ал бейіт тонағыш ұрылар қазір сот шешімін күтіп жатыр. Егер ұрлаған мүлкін толық өтеп, айыппұл төлемесе, үш жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.