Атырауда төрт адамды өлтіру дерегі бойынша басты сот талқылауы басталды. Айыпталушы орындығында қаза тапқандардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бүгін прокурорлар оған қандай айып тағылғанын оқыды. Мемлекеттік айыптаушы істің бір эпизодын - айыпталушының әйелінің ағасы Наурыз Мұқанғалиевті өлтіру дерегін жариялады. Наурыз Мұқанғалиевтің өлімі дерегі бойынша қылмыс 2025 жылғы мамырда жасалған. Тергеушілер оның денесі ұзақ уақыт бойы жер астында жатқанын және қылмыстан 6–8 ай өткен соң табылғанын анықтады.
Іс материалдарына сәйкес, кісі өлтіргеннен кейін Сұлтан Сәрсемалиев қылмыс ізін жасыруға тырысып, мәйітті өзі жалға алған Геолог кентіндегі үйдің ауласына көміп тастаған.
Тергеу мәліметінше, айыпталушы шұңқыр қазып, оған марқұмның денесін апарып көмген және көмген жерін мұқият жасырған.
"Қылмыс жасағаннан кейін Сәрсемалиев кездейсоқ куәгерлер болмас үшін күн батқанша күтуді ұйғарған. Түн ортасы шамасында ол күрек алып, үйінің ауласының оңтүстік бөлігінен шұңқыр қаза бастаған. Мәйітті ғимарат қабырғасының іргетасынан небәрі 60 сантиметр қашықтықта жерлеген. Түнгі сағат үшке қарай күдікті тереңдігі шамамен бір метр, ені 80 сантиметр болатын көр қазып біткен", - деді прокурор сот отырысында істің мән-жайын баяндау кезінде.

Айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиев, фото Tengrinews.kz
Қылмыс жасағаннан кейін Сәрсемалиев марқұмның жеке заттарын алып, оның жеке куәлігін, банк картасын, ұялы телефонын және қолма-қол ақшасын иемденген. Жасаған ісінің ізін жасыру үшін ол бөлмені ретке келтіріп, оқиғаға қатысы болуы мүмкін заттардан құтылған.
"Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, Наурыз Мұқанғалиевтің денесі жер астында 6 айдан 8 айға дейінгі уақыт аралығында жатқан. Осы уақыт ішінде тіндерде айқын шіру өзгерістері басталып, бұл алғашқы зерттеу кезінде өлімнің нақты себебін анықтауды айтарлықтай қиындатты", - деп мәлімдеді прокурор айыптау актісін оқу барысында.
Прокурордың айтуынша, қылмыс ізін біржола жою мақсатында Сәрсемалиев үйді мұқият жуып, қан іздерін кетірген. Қылмыс құралы - ас үй пышағын, сондай-ақ Наурыз Мұқанғалиевтің денесі оралған кілемді үйдің қарама-қарсы бетіндегі қоқыс полигонына апарып, толығымен өртеп жіберген.
Фото сот залынан: Tengrinews.kz
Еске салайық, қылмыстық іс материалдарына сәйкес, қылмыс Сұлтан Сәрсемалиев пен оның бұрынғы әйелінің туыстары арасындағы ұзаққа созылған отбасылық жанжалдан туындаған. Тергеу нұсқасы бойынша, негізгі келіспеушіліктер Сәрсемалиевтің балаларының тұруы мен тәрбиесіне қатысты мәселелерге байланысты болған.
Атырау облысындағы бір отбасының өлімі: қайғылы оқиғаға дейін не болды? (арнайы репортаж)
Айта кетейік, 2025 жылғы желтоқсанның аяғында туыстары зейнеткер ерлі-зайыпты мен олардың ересек балаларының жоғалғаны туралы хабарлаған болатын. Сол кездегі мәліметтер бойынша, отбасы үйден белгісіз бағытқа шығып кеткен және содан бері олардың қайда екені белгісіз болып келді.
Фото: полицияның баспасөз қызметі
Іздеуде төрт ересек адам болды:
- 66 жастағы Мақсот Қарабалин;
- 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
- 35 жастағы қызы Мейрамгүл Қарабалина;
- 32 жастағы ұлы Наурыз Мұқанғалиев.