Атыраудағы отбасының жантүршігерлік өлімі: қарт ерлі-зайыпты өлтірілген жердің кадрлары

Атыраудағы отбасының жантүршігерлік өлімі: қарт ерлі-зайыпты өлтірілген жердің кадрлары Фото © Tengrinews.kz

Былтыр Атырау облысының Жангелдин ауылында тұтас бір отбасы - зейнеткер ерлі-зайыпты мен олардың ересек балалары жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен болатын. Туыстары олардың жоғалғаны туралы 2025 жылғы желтоқсанның аяғында хабарлаған. Кейінірек ерлі-зайыптының мәйіті өз үйінің аумағындағы шаруашылық құрылыстың астынан табылды.

Былтыр Атырау облысының Жангелдин ауылында тұтас бір отбасы - зейнеткер ерлі-зайыпты мен олардың ересек балалары жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен болатын. Туыстары олардың жоғалғаны туралы 2025 жылғы желтоқсанның аяғында хабарлаған. Кейінірек ерлі-зайыптының мәйіті өз үйінің аумағындағы шаруашылық құрылыстың астынан табылды.

Tengrinews.kz тілшілеріне қайғылы оқиға болған жерге барып, фото және видео түсірудің сәті түсті. Марқұм ерлі-зайыптының мәйіттері табылған жерді алғаш рет көрсетеміз. Еске салайық, кісі өліміне күдікті ретінде олардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев танылған.

Жарнама
Жарнама

Сот процесі басталғанға дейін тергеу амалдарына байланысты үйге кіруге шектеу қойылған еді. Сот басталған соң Tengrinews.kz тілшілері марқұмдардың үйіне кіріп, сұмдық қылмыс болған қора-жайды көріп қайтты.


Фото ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Иесіз үй қаңырап қалған: қатты желден кейін қоршаудың бір бөлігі құлап, аулаға сиырлар кіріп кететін болған.


Фото ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Аула мен үйдің жай-күйінен бұл жерде көптен бері ешкім тұрмағаны байқалады.


Фото ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Қарабалиндер отбасының үйі бүгінде осындай күйде.


Фото ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Аулада үлкен шаруашылық құрылыс бар, ол қылмыстық іс материалдарында сарай ретінде көрсетілген.


Фото ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Бұл нысан шаруашылық жүргізуге арналған. Туыстарының айтуынша, оны отағасы Мақсот Қарабалин мен оның ұлы марқұм Наурыз Мұқанғалиев салған.


Фото ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Мұнда үй шаруасымен айналысып, көбіне үлкен дастархан жайып, отбасы болып қонақ күткен.


Қарабалиндер отбасы. Фотоны Tengrinews.kz редакциясына марқұмдардың туыстары ұсынды

Шаруашылық нысанында екі бөлме бар. Кіреберісте газ плитасы, тоңазытқыш пен үстел қойылған ас үй орналасқан. Туыстарының сөзінше, қарт ерлі-зайыпты осы жерде ас дайындап, ет мүшелеген.


Фото ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Екінші бөлмеде кереуеттер, сервант және үстелдер тұр.


Фото ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Дәл осы жерде, линолеум астынан Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттері табылды. Күдікті мұнда тереңдігі 1,3 метрлік шұңқыр қазған.

Фото ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Бұл бөлмеде әлі күнге дейін отбасы мүшелерінің жеке заттары, соның ішінде отағасы Мақсот Қарабалин мен қаза тапқан қызы Мирамгүлдің аяқ киімдері жатыр. Бұдан жағдайдың кенеттен болғанын және олардың күнделікті өмірі қалай күрт үзілгенін аңғарса болады.


Фото ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Нәсіп Өтешқалиеваның өлімі (отбасының анасы)

Тергеу нұсқасы бойынша, 2025 жылдың 3 қарашасында таңғы сағат 8 шамасында Нәсіп Өтешқалиева аулада үй шаруасымен айналысып, арасында сарайға (шаруашылық құрылысқа) кіріп-шығып жүрген.

Сол сәтте отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев сарайға кіріп, кіреберістен ас үй пышағын көрген. Тергеу мәліметінше, ол бұл пышақты қылмыс құралы ретінде алдын ала дайындап, ыңғайлы жерге қойып кеткен.

Сағат 9-дар шамасында ол енесінің сарайға кіргенін күткен. Әйел ішке кіргеннен кейін, ол артынан ілесе кіріп, ту сыртынан кеудесі мен арқасына бірнеше рет пышақ салған.

Алған жарақаттарынан әйел ес-түзсіз күйде сол жерде жан тапсырған.

Мақсот Қарабалиннің өлімі (отағасы)

Іс материалдарына сәйкес, қылмыстық жоспарының бірінші бөлігі іске асқанына көз жеткізген соң, Сұлтан Сәрсемалиев терезеден Мақсот Қарабалиннің (сотталушының бұрынғы әйелінің әкесі) үйден шығып, сарайға қарай келе жатқанын көрген.

Мақсот Қарабалин ішке кірген кезде, Сәрсемалиев оның кеудесіне, арқасына және қолына ас үй пышағымен бірнеше соққы жасаған.

Алған жарақаттарынан қария да есін жинамастан, сол жерде жан тапсырған.

"2025 жылғы 3 қарашада қылмыстың ізін жасыру мақсатында сарайға қайта барып, кереует астынан тереңдігі шамамен 1,3 метрлік шұңқыр қазып, Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттерін көмген. Үстіне линолеум төсеп, кереуетті орнына қойып, қылмыс ізін толық жасырған", - делінген айыптау актісінде.

Тергеуші Темірхан Хажмұратовтың айтуынша, алдымен Мақсот Қарабалиннің, содан кейін Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіті табылған.

Еске салайық, 18 мамырда Атырауда Атырау облысының Жангелдин ауылындағы отбасының аяусыз өлтірілуіне қатысты резонанс тудырған іс бойынша алдын ала сот отырысы өтті.

Айта кетейік, алдын ала сот отырысы - бұл тараптар іс материалдарымен танысатын, процестік мәселелерді талқылайтын және істі сотта одан әрі қарау тәртібі айқындалатын кезең.

Басты сот талқылауы 28 мамырға тағайындалды.

Сондай-ақ, 18 мамырдағы отырыста прокурор Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқыды. Онда сотталушының бұрынғы әйелінің туған ағасы Наурыз Мұқанғалиев пен әкесі Мақсот Қарабалиннің өліміне әкеп соққан жанжалдың мән-жайы егжей-тегжейлі баяндалған.

Осы мәліметтерді жариялау кезінде камераға сотталушы түсіп қалды. Ол прокурорды ешқандай қобалжусыз тыңдап, тіпті бір сәтте оның жүзінен күлкіге ұқсас нышан байқалды.

Айыпталушы Сәрсемалиев алқабилер сотынан бас тартып, мұндай форматтағы талқылаудың ерекшеліктерін түсінетінін және оны қолданудың қажеттілігін көрмейтінін растады. Ол бас тарту себебін нақтыламады, тек бұған "мұқтаждық жоқ" екенін айтты.

Тағы оқыңыз:

Адам өлтіру, ұрлық және алаяқтық: күдіктіге қандай айып тағылып отыр?

Сұлтан Сәрсемалиевке Қылмыстық кодекстің бірден үш бабы бойынша айып тағылған:

  • 99-баптың 2-бөлігі 1 және 13-тармақтары "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру";
  • 188-баптың 2-бөлігі "Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған ұрлық";
  • 190-бап "Алаяқтық".

Прокуратура мәліметінше, ұрлық пен алаяқтық эпизодтары қаза тапқандардың жеке заттарын жымқыру және олардың малын заңсыз сату фактілерімен байланысты.

Сәрсемалиевтің әйелі Ақбаян Мұқанғалиева күдікті деп танылған жоқ

Атырау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі мәліметінше, қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, іс сотқа жолданған.

"А. Мұқанғалиеваға қатысты тағайындалған сот-психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысы шығуы керек. Сараптама қорытындысы тергеу органына ресми түрде түскеннен кейін оған тиісті процестік құқықтық баға беріледі. Аталған қылмыстық құқық бұзушылықтарды С. Сәрсемалиев жеке өзі жасаған. Бұл қылмысты жасауға өзге адамдардың қатысы бар екені туралы деректер анықталған жоқ", - деп хабарлады прокуратура.

Ақбаян Мұқанғалиеваның отбасы мүшелерінің өліміне қатысы болмауына байланысты оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған.

"Қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша бөлек іс жүргізу аясында соталды тергеп-тексеру жүріп жатыр", - деп толықтырды прокуратура өкілдері.

Отбасының өліміне қатысты іс

Атырау облысы Жангелдин ауылындағы бір отбасының жаппай өлтірілуіне қатысты тергеу жүріп жатыр. 2025 жылғы желтоқсанда туыстары зейнеткер ерлі-зайыпты мен олардың ересек балаларының жоғалып кеткені туралы хабарлаған.

Сол кездегі мәлімет бойынша, отбасы үйден белгісіз бағытқа шығып кетіп, содан бері олардың қайда екені белгісіз болған.

Фото: полицияның баспасөз қызметі

Іздеуде төрт ересек адам болды:

  • 66 жастағы Мақсот Қарабалин;
  • 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
  • 35 жастағы қызы Мейрамгүл Қарабалина;
  • 32 жастағы ұлы Наурыз Мұқанғалиев.

Әкесі мен анасының денесі қайдан табылды?

Кейін, 6 қаңтарда Жангелдин ауылында зейнеткер ерлі-зайыптының денесі табылды. Полиция мәйіттердің үй ауласындағы шаруашылық құрылыс астынан табылғанын хабарлады.

Ерлі-зайыптыны жерлеу рәсімінен кейін бірден, 8 қаңтарда полиция іс бойынша негізгі күдіктіні жариялады. Ол отбасының 29 жастағы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев болып шықты. Оның отбасының кенже қызы Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге елден кетіп қалғаны анықталды.

Ер адамға халықаралық іздеу жарияланды.

Күдіктілер Индонезияда ұсталды

24 ақпанда Сәрсемалиев пен Мұқанғалиева Индонезияның Сенару ауылындағы қонақүйлердің бірінде ұсталды.

Келесі күні, 25 ақпанда ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақбаян Мұқанғалиеваның да іс бойынша күдікті деп танылғанын хабарлады.

Наурыз бен Мейрамгүлдің денелері қайдан табылды?

9 наурызда кешке күдікті ерлі-зайыптының Алматыға экстрадицияланғаны белгілі болды. Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаны өлтіргенін мойындап, олардың көмілген жерін көрсетті.

Ағалы-қарындастың мәйіттері Атырау іргесіндегі Геолог шағынауданынан табылды. Олар негізгі күдікті бұрын жалдап тұрған үйдің ауласына көмілген.

11 наурызда Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында Наурыз бен Мейрамгүлді жерлеу рәсімі өтті.

Фотоны дереккөз арнайы Tengrinews.kz үшін ұсынды

Сол кезде қаза тапқан отбасының жақындары редакция тілшісіне Ақбаян Мұқанғалиеваның Атыраудағы психиатриялық мекемеге жіберілгенін хабарлаған еді.

Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама