Әлсіз екенін түсініп, пышақтаған: Атыраудағы бір отбасының өліміне қатысты атышулы істің алғашқы деректері

ПОДЕЛИТЬСЯ

Әлсіз екенін түсініп, пышақтаған: Атыраудағы бір отбасының өліміне қатысты атышулы істің алғашқы деректері Бейнеден алынған кадр

Атырауда Жангелдин ауылындағы бір отбасын өлтіру дерегі бойынша алдын ала сот отырысы өтіп жатыр. Tengrinews.kz тілшілері сот залынан оқиғаның мән-жайын хабарлайды.


Атырауда Жангелдин ауылындағы бір отбасын өлтіру дерегі бойынша алдын ала сот отырысы өтіп жатыр. Tengrinews.kz тілшілері сот залынан оқиғаның мән-жайын хабарлайды.

Отырыс барысында прокурор Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқыды. Онда сотталушы Сұлтан Сәрсемалиевтің бұрынғы жұбайының туған ағасы Наурыз Мұқанғалиевтің өліміне әкеп соқтырған жанжалдың мән-жайы егжей-тегжейлі баяндалған.

"Ол (сотталушының) балалары белгілі бір себептермен ата-анасының үйіне жеткізіліп, сонда тұрып жатқаны туралы мәселені көтермек болған. Өз кезегінде Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиевке қалада тұрған кезінде балалар мен Мұқанғалиеваға өз бетінше күтім жасай алмайтынын айтқанда, олардың арасында келіспеушілік басталған", - делінген айыптау актісінде.

Прокурордың сөзінше, жанжал шешімін таппаған, содан кейін Мұқанғалиев жеке сөйлесу үшін қалаға келетінін жеткізген.

2025 жылғы 14 мамырда ол Атырауға келіп, Сәрсемалиевпен хабарласқан. Ер адамдар Бейбарыс даңғылының бойында орналасқан теміржол вокзалында кездескен. Онда олар туындаған келіспеушіліктерді қайта талқылаған, бірақ ортақ мәмілеге келе алмаған.

"Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиевке ауылға біржола көшіп кетпегенін, отбасының жеке заттары мен киім-кешектері уақытша жалдамалы пәтерде екенін түсіндіріп, Атырауға қайта көшу жоспары бар екенін айтқан", - деп оқыды прокурор.

Тергеу мәліметтері бойынша, ол қарсыласына аталған баспанаға барып, бұған көз жеткізуді ұсынған. Мұқанғалиев келісіп, содан кейін олар бірге көрсетілген мекенжайға бет алған.

Үйдің ішінде ер адамдар залға өтіп, жанжалды талқылауды жалғастырған. Алайда тағы да келісу мүмкін болмай, арты төбелеске ұласқан.

"Жанжал барысында Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиевтен физикалық тұрғыдан әлсіз екенін және оған тиісті қарсылық көрсете алмайтынын түсініп, қасақана кісі өлтіруге бел буған", - делінген айыптау актісінде.

Ары қарай, болжам бойынша, ол ас үйге шегініп, пышақ алған және төбелес кезінде оның іш тұсына бірнеше соққы жасаған.

Алған жарақаттарынан Наурыз Мұқанғалиев оқиға орнында көз жұмған.

Іс материалдарына сәйкес, бұдан кейін Сәрсемалиев қылмыстың ізін жасыруға тырысқан: мәйіт жеке үйдің ауласына жасырылып, ықтимал дәлелдемелерді жоюға кіріскен.

Сот залынан фото Tengrinews.kz: Әлімжан Аманжол

Тағы оқыңыз: Атыраудағы бір отбасының өлімі: атышулы іс бойынша сот басталды

Адам өлтіру, ұрлық және алаяқтық: күдіктіге қандай айып тағылып отыр?

Сұлтан Сәрсемалиевке Қылмыстық кодекстің бірден үш бабы бойынша айып тағылған:

  • 99-баптың 2-бөлігі 1 және 13-тармақтары "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру";
  • 188-баптың 2-бөлігі "Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған ұрлық";
  • 190-бап "Алаяқтық".

Прокуратура мәліметінше, ұрлық пен алаяқтық эпизодтары қаза тапқандардың жеке заттарын жымқыру және олардың малын заңсыз сату фактілерімен байланысты.

Сәрсемәлиевтің әйелі Ақбаян Мұқанғалиева күдікті деп танылған жоқ

Атырау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі мәліметінше, қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, іс сотқа жолданған.

"А. Мұқанғалиеваға қатысты тағайындалған сот-психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысы шығуы керек. Сараптама қорытындысы тергеу органына ресми түрде түскеннен кейін оған тиісті процестік құқықтық баға беріледі. Аталған қылмыстық құқық бұзушылықтарды С. Сәрсемалиев жеке өзі жасаған. Бұл қылмысты жасауға өзге адамдардың қатысы бар екені туралы деректер анықталған жоқ", - деп хабарлады прокуратура.

Ақбаян Мұқанғалиеваның отбасы мүшелерінің өліміне қатысы болмауына байланысты оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған.

"Қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша бөлек іс жүргізу аясында соталды тергеп-тексеру жүріп жатыр", - деп толықтырды прокуратура өкілдері.

Отбасының өліміне қатысты іс

Атырау облысы Жангелдин ауылындағы бір отбасының жаппай өлтірілуіне қатысты тергеу жүріп жатыр. 2025 жылғы желтоқсанда туыстары зейнеткер ерлі-зайыпты мен олардың ересек балаларының жоғалып кеткені туралы хабарлаған.

Сол кездегі мәлімет бойынша, отбасы үйден белгісіз бағытқа шығып кетіп, содан бері олардың қайда екені белгісіз болған.

Фото: полицияның баспасөз қызметі

Іздеуде төрт ересек адам болды:

  • 66 жастағы Мақсот Қарабалин;
  • 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
  • 35 жастағы қызы Мейрамгүл Қарабалина;
  • 32 жастағы ұлы Наурыз Мұқанғалиев.

Әкесі мен анасының денесі қайдан табылды?

Кейін, 6 қаңтарда Жангелдин ауылында зейнеткер ерлі-зайыптының денесі табылды. Полиция мәйіттердің үй ауласындағы шаруашылық құрылыс астынан табылғанын хабарлады.

Ерлі-зайыптыны жерлеу рәсімінен кейін бірден, 8 қаңтарда полиция іс бойынша негізгі күдіктіні жариялады. Ол отбасының 29 жастағы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев болып шықты. Оның отбасының кенже қызы Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге елден кетіп қалғаны анықталды.

Ер адамға халықаралық іздеу жарияланды.

Күдіктілер Индонезияда ұсталды

24 ақпанда Сәрсемалиев пен Мұқанғалиева Индонезияның Сенару ауылындағы қонақүйлердің бірінде ұсталды.

Келесі күні, 25 ақпанда ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақбаян Мұқанғалиеваның да іс бойынша күдікті деп танылғанын хабарлады.

Наурыз бен Мейрамгүлдің денелері қайдан табылды?

9 наурызда кешке күдікті ерлі-зайыптының Алматыға экстрадицияланғаны белгілі болды. Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаны өлтіргенін мойындап, олардың көмілген жерін көрсетті.

Ағалы-қарындастың мәйіттері Атырау іргесіндегі Геолог шағынауданынан табылды. Олар негізгі күдікті бұрын жалдап тұрған үйдің ауласына көмілген.

11 наурызда Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында Наурыз бен Мейрамгүлді жерлеу рәсімі өтті.

Фотоны дереккөз арнайы Tengrinews.kz үшін ұсынды

Сол кезде қаза тапқан отбасының жақындары редакция тілшісіне Ақбаян Мұқанғалиеваның Атыраудағы психиатриялық мекемеге жіберілгенін хабарлаған еді.

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 469.92   546.77   6.43 

 

Ауа райы

Алматы

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер