Негізгі ҰБТ-2026 өткізудің жеті аптасында 715 ережебұзушылық анықталды. Жүздеген талапкер тыйым салынған заттарды пайдаланғаны және басқа да ережебұзушылық үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды немесе нәтижесі жойылды, деп хабарлайды Tengri Education Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Жеті аптада 700-ден астам ереже бұзу жағдайы тіркелді
10 мамырда негізгі ҰБТ-2026 басталғалы бері тестілеуден 340 мыңға жуық адам өтті.
Министрлік мәліметінше, емтихан өткізілген жеті апта ішінде 715 ережебұзушылық анықталған. Атап айтқанда, 422 талапкер аудиторияға смартфон, смарт-көзілдірік, микроқұлаққап, шпаргалка және өзге де тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді.
Тағы 286 адам тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды. Олардың нәтижесі жойылды.
Видеоны тексергеннен кейін нәтижені жою жалғасып жатыр
Бейнежазбаларды тексеру барысында мамандар қосымша ереже бұзу фактілерін анықтады. Осылайша тағы жеті талапкердің нәтижесі тестілеу аяқталғаннан кейін жойылды.
Бұл ретте ҰБТ-2026 барысында өзге адамның орнына кіру фактілері тіркелген жоқ.
Министрлік бейнежазбаларды талдау жұмысы 31 қазанға дейін жалғасатынын ескертті. Егер мамандар тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ережебұзушылықты анықтаса, ҰБТ нәтижесі емтихан тапсыру уақытына қарамастан жойылады.
ҰБТ-2026 нәтижесі қандай?
Тестілеудің жетінші аптасының қорытындысы бойынша қатысушылардың 70 пайызы шекті балл жинады.
Бес пән бойынша орташа балл 66 болды. Ең жоғары нәтиже - 140 балл. Оны Павлодар облысынан Әсет Альтаир жинады.
Талапкерлердің басым бөлігі - 73 пайызы ҰБТ-ны қазақ тілінде, 27 пайызы орыс тілінде тапсырды. Тағы 522 адам тестілеуден ағылшын тілінде өтті.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасалды. ҰБТ-ға осындай 765 талапкер қатысты.
Еске сала кетейік, бұған дейін видеоны тексергеннен кейін алғашқы талапкердің ҰБТ нәтижесі жойылған болатын.