Мемлекет басшысы премьер-министрдің орынбасары - ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовті қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы премьер-министрдің орынбасары - ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовті қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесуде еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасы арқылы атқарылған жұмыстардың аралық нәтижелері және оны одан әрі іске асыру жөніндегі жоспарлар талқыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің барлық диқандарын астық жинау науқанының табысты аяқталуымен құттықтады.
"Жаз айларының басындағы күрделі жағдайға қарамастан, ауыл еңбеккерлері айтарлықтай көлемде астық жинады. Ішкі қажеттілікті қанағаттандыруға және өнімімізді экспортқа шығаруға мүмкіндік бар. Жалпы, барлық мәліметтер оң қарқынды көрсетіп отыр", - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы маңызды рөліне тоқталып, осы салаға бөлінген қаржыны пайдаланудың тиімділігі төмен екенін атап өтті.
"Аграрлық сектор экономикамыздың қозғаушы күші болып саналады. Оған мемлекет көп қаржы құйып жатыр. Оның тиісті қайтарымы болуға тиіс еді, бірақ, өкінішке қарай, олай болмай отыр", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге, Қазақстан Президенті биылғы астық жинау науқаны жоғары қарқынмен жүргізілгенін айтты.
"Биыл 21,7 миллион тонна астық жиналып, орташа өнімділік гектарына 14,2 центнерден болды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда көбірек. Белгіленген жоспарға сәйкес, біз тұтынушылық кооперацияны дамытумен, тұқымдық қорды жақсартумен және мал шаруашылығының өнімділігін арттырумен айналыстық", - деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы өнімділігінің көлемін еліміздің ғылыми әлеуетін пайдалана отырып арттыру қажеттігіне назар аударды.
Асқар Мырзахметов Қазақстан Президентіне агроөнеркәсіптік кешеннің мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығының 12 басым бағытын одан әрі дамытудың арнайы карталарын әзірлеу барысы жөнінде баяндады.
Соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.