Ауыр атлетика федерациясының өкілдері қазақстандық спортшылардың қосымша допинг-сынамадан өтетіні туралы ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ауыр атлетика федерациясының өкілдері қазақстандық спортшылардың қосымша допинг-сынамадан өтетіні туралы ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің мәліметінше, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасы мен 2012 жылы Лондон Олимпиадасына қатысқан қазақстандық бес спортшының "Б" допинг сынамалары қосымша тексеріледі", - делінген хабарламада.
"БАҚ-тарда біздің спортшыларға қатысты жарияланған ақпараттарға байланысты былай деп хабарлаймыз: Халықаралық ауыр атлетика федерациясынан және Халықаралық Олимпиадалық комитеттен Қазақстан ауыр атлетика федерациясына біздің спортшыларды тәртіптік жазаға тарту, спорт шараларынан шеттету туралы қандай да бір мәлімет келіп түскен жоқ.
Айта кету керек, қазіргі уақытта Қазақстанның Ауыр атлетика федерациясы процеске қатыспайды. Процесте негізгі тараптар - Халықаралық Олимпиадалық комитет мен Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті. Осыған байланысты, зерттеу нәтижелері Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетіне түседі.
Қазақстан құрамасының барлық спортшысы күнтізбедегі жоспарға сәйкес жаттығу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Қазір ҚР ҰОК өкілдері Лозанна (Швейцария) қаласында жүр. Процесс туралы ақпараттар мен оның мән-жайы кейін белгілі болады", - деді федерация өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін Олимпиада чемпиондары - Зүлфия Чиншанло мен Илья Ильиннің қанынан допинг табылғаны хабарланған болатын.
Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитеті өз кезегінде қазақстандық спортшылардың "Б" допинг сынамаларының қосымша тексерілу процедурасын растады.