Қазақстан автомобилистер тәуелсіз одағының төрағасы Эдуард Эдоков автоұрылардан қалай қорғануға болатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстан автомобилистер тәуелсіз одағының төрағасы Эдуард Эдоков автоұрылардан қалай қорғануға болатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Эдоковтың айтуынша, ең қарапайым әрі арзан жолы - айнаға көлік нөмірін жазып қою екен.
"Ең көп таралған әдіс - айнаға көлік нөмірін жазып қою. Айнаның бетінде мемлекеттік тіркеу нөмірі жазылған болса, оны сату мүмкін емес. Бұл идентификация. Сол себепті де ұрылар бұл айнаға қызығушылық таныта қоймасы анық. Сіздің көлігіңізде басқа автоның мемлекеттік тіркеу нөмірі тұрса, ұрлық екені айқын. Ойып жазу құны - 500 теңгеден 1000 теңгеге дейін. Шамды қорғау әдісі туралы ештеңе айта алмаймын", - дейді Эдуард Эдоков.
Эдуард Эдоков дөңгелектерді қорғау әдісі бойынша, халық арасында "секретка" аталып кеткен арнайы бұрандаларды орнатуды ұсынды.
"Бұл бұрандаларды тек арнайы бұрағыштармен ашуға болады. Егер әр дөңгелекте әр түрлі арнайы бұранда болса, оны шешіп алу мүмкін емес", - дейді Қазақстан автомобилистер тәуелсіз одағының төрағасы.
Маман көліктерді арнайы күзетілетін аймақтарға қоюды ұсынады, мүмкіндігінше жарық болғаны дұрыс. Егер автокөлік иесі темір тұлпарын үй алдына қоятын болса, жақын жерде бейнебақылау камералары немесе жарық шамы барына назар аударғаны дұрыс екенін айтады. Егер жоқ болса, мүмкіндігінше өздігіне орнатқан жөн болады.
Маманның ойынша, автокөліктердің екі жағындағы айналары, шамдары мен басқа да бөлшектерінің ұрлығы мен сатып алынуы бизнес көзіне айналған.
"Ұрылар мұндай ұрлық түрінде көп қаражат жұмсамайды. Бұл біреулер үшін табысты кәсіп. Бұл біздің полицияға таңсық дүние емес. ІІМ мен полицияға сұрақтар өте көп, себебі Денис Теннің жағдайында ұрлық тапа-тал түсте қаланың қақ ортасында болды", - дейді маман.
Еске сала кетейік, Денис Тен кеше, 19 шілдеде қайтыс болды. Алматыда белгісіз біреулер Денис Тенді пышақтап кеткен болатын. Оқиға шамамен 15.00-де Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында болған. Жанжал кезінде спортшының аяғына пышақ тиіп, көп қан жоғалтқан. Ол Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер спортшы өмірімен бірнеше сағат арпалысты, бірақ амал не, өмірін сақтап қала алмады.