Алматыда 460,6 миллион теңгеге бағаланған зәулім үй сатылымға қойылды. Тиісті хабарландыру e-qazyna.kz порталында жарияланған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Tengrinews.kz-ке бұл үй 2024 жылдың наурызында өмірден өткен кәсіпкер Бақыт Ибрагимге тиесілі болғаны белгілі болды. Полиция бұл оқиғаны "Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу" бабы бойынша тергеген, бірақ қарашада қылмыстық істің жабылғаны белгілі болды.
"Бұл үй Ибрагим Бақыт Жасұзақұлына тиесілі болған. Аталған нысан коммуналдық меншікке қабылданып, 2024 жылғы 23 ақпандағы Алматы әкімдігінің қаулысына сәйкес, қаланың коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының балансына берілді", – деп хабарлады Алматы Мемлекеттік активтер басқармасы редакцияның сұрауына жауап ретінде.
Хабарландыруға сәйкес, жалпы ауданы 553,6 шаршы метрді құрайтын үйді Алматы Мемлекеттік активтер басқармасы сатып жатыр. Ол Бостандық ауданындағы Қарғалы ықшамауданында, 2-көше, 48-үй мекенжайында орналасқан. Сонымен қатар, 0,14 гектар жер учаскесі мен қосымша шаруашылық құрылыстары да бірге сатылады.
Объектінің жалпы құны – 460,6 миллион теңге. Сауда 5 наурызда басталады, кепілдік жарнасы – 69 миллион теңгеден асады.

sauda.e-qazyna.kz
Жарияланған суреттер мен құжаттарға қарағанда, үй екі қабатты және жертөлесі бар. Қанша бөлме бары көрсетілмеген. Ғимарат 2011 жылы салынған. Ауласында бассейн орналасқан, ал гаражда бірнеше автокөлік бар.
Алматы мемлекеттік активтер басқармасының мәлімдеуінше, коммуналдық меншік нысандарын жекешелендіруден түскен қаражат жергілікті бюджетке жіберіледі.
Айта кетейік, 2020 жылы қарашада бұрынғы Qazaq Banki акционері Бақыт Ибрагим Bank RBK қаражатын жымқырғаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. 2023 жылы оның люкс санатындағы Richard Mille сағаты 196,8 миллион теңгеге аукционда сатылған.
2024 жылы Бақыт Ибрагим жазасының өтелген мерзімін есепке ала отырып, бостандыққа шыққаны хабарланды. Ол бұған дейін БАҚ-та Алматының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бұрынғы күйеу баласы ретінде де аталған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!