Қазақстанда жарты миллион бала балабақшаға бару кезегін күтіп отыр, - дейді Tengrinews.kz тілшісі ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке сілтеме жасап.
Қазақстанда жарты миллион бала балабақшаға бару кезегін күтіп отыр, - дейді Tengrinews.kz тілшісі ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке сілтеме жасап.
"Атқарылып жатқан шараларға қарамастан, еліміздегі балабақшаға сұраныс жоғары болып тұр. Кезек айтарлықтай ұзақ - балалар саны жарты миллион шамалас. 2013 жылдан бері балабақша кезегіндегі балалардың қатары 50 мыңға артқан. Бұл еліміздегі демографиялық өсіммен байланысты", - деді ол ведомствоның отырысында.
Министрдің болжауынша, соңғы жылдардағы өсім қарқыны әсіресе ірі қалалардағы кезек мәселесін одан әрі ушықтыруы мүмкін. "Сондықтан іске түбегейлі кірісіп, типтік балабақшалар құрылысы мен жекеменшік секторды (МЖС негізіндегі балабақшалар - Авт.) дамыту қажет. Мемлекеттік білім беру бағдарламаларын алдағы үш жылда іске асыру кезінде мектепке дейінгі мекемелер тапшылығы мәселесін шешуіміз қажет", - деді ол.
Сәрінжіповтің айтуынша, қазір мектепке дейінгі 8,5 мыңнан астам мекеме жұмыс істейді, оларға 734 мың бала барады. БҒМ мәліметтері бойынша, қазіргі таңда елімізде 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен 77 пайызға ғана қамтылған.
"Ұлттық қордың есебінен "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында 2015-2017 жылдары қосымша 36 балабақша тұрғызу үшін 20 миллиард теңге аудару жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп облыс және елді мекендерде тұрғызылатын балабақша құрылысының инвестициалық жобалары қаралып жатыр", - деді ол.
Айта кетейік, Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың баяндамасына сәйкес балабақша жетіспеушілігін жою үшін 2015 жылы Ұлттық қордан 6,5 миллиард теңге, 2016 жылы дәл осындай сома және 2017 жылы 7 миллиард теңге бөлінеді.