Вакцинациялау балалар арасындағы мүгедектіктің пайда болуына негізгі себептердің бірі болуы мүмкін, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы. Алматыда жарымжан балалар мәселесімен айналысатын қоғамдық ұйым өкілдері осындай бастама көтерді.
Вакцинациялау балалар арасындағы мүгедектіктің пайда болуына негізгі себептердің бірі болуы мүмкін, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы. Алматыда жарымжан балалар мәселесімен айналысатын қоғамдық ұйым өкілдері осындай бастама көтерді.
Тілшілердің мәліметінше, Денсаулық сақтау министрлігі аталған мәселеге орай арнайы жұмыс тобын құрып, тиісті зерттеулерді бастаған.
Бибігүл Ботымбаеваның бесінші баласы өмірге сау болып келген. Перзентханадан шыққан соң үш айлығында жоспарлы вакцинациялау мақсатында емханаға келеді. Дәрігерлер көкжөтел мен сіреспе дертіне қарсы екпе жасап, баланы тағы бір ай өткенде екінші рет вакцина алуға шақырады. Алайда, көп ұзамай бала мүгедек болып қалды дейді.
"Үш айлығында бізге бірінші АКДС салды, жақсы болатын. Еш өзгеріс байқалмады. Сосын төрт айлығында тағы бір рет АКДС салды. Соның ертесінен бастап бала жылай берді, мазасызданады ылғи. Сосын емханадағы дәрігерлерге барып едім, еш өзгеріс жоқ деді. Оларға сенбей, жекеменшік медициналық орталыққа барып қаралғанда, ДЦП деген диагноз қойды", - деді науқас баланың анасы Бибігүл Ботымбаева.
Мүгедек балалардың аналар қауымдастығы Бибігүл секілді аналардың басын қосып, Денсаулық министрлігіне талап қойып отыр. Олардың пікірінше, әсіресе, сал ауруына шалдығатын сәбилердің арасында екпе шараларынан соң, жарымжан болып қалатын деректер көбейген. Олардың арасында 5 пайызы перзентхана мен жергілікті емханаларда салынатын вакцинадан кейін айықпас науқасқа шалдығатыны байқалған.
"Біз көптен бері вакцинациялаудың стандарттарын өзгертуді талап етіп келеміз. Ескі жүйе бойынша вакцинаны перзентханада сәби туған соң ертесі салады. Туберкулездің алдын алуға арналған екпені кей балалар көтере алмауы мүмкін. Сосын үш күн толған соң ана мен нәрестені перзентханадан үйге шығарып жібереді. Оның ары қарайғы жағдайы көбіне бақылаусыз қалады", - дейді мүгедек балалардың аналары қауымдастығы төрайымы Әсия Ахатова.
Ал Денсаулық сақтау министрлігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, медициналық мекемелердегі осындай фактілерді анықтауға көшкен. Ведомство өкілі вакцинадан бас тарту дерегінің жылдан жылға артып келе жатқанын жоққа шығармады. Бес жыл бұрын баласына екпе салдыруға қарсылар 500 адамның көлемінде болса, қазір ол 20 есеге артқан. Содан бері вакцина салдырмау салдарынан көк жөтелге шалдыққан балалар саны 30 пайызға артып кетіпті.
"Енді осыдан бірнеше жылмен салыстырғанда вакцинациядан бас тартқан ата-аналар саны 11 мыңның айналасында. Сонымен қатар вакцинадан бас тарту ата-ананың, баланың денсаулығын сақтауға деген құқығынан ажыратумен тең деп айтуға болады", - дейді ҚР Денсаулық сақтау минситрлігі эпидемиологиялық сараптамалық орталығы директорының орынбасары Айнагүл Қуатбаева.
Дәрігерлердің дерегінше, елімізде бала дүниеге келгеннен бастап 16 жасқа шейін 10 түрлі ауруға қарсы 20-дан астам екпе салынады екен. Олардың бәрі міндетті емес, арасында ерікті түрде салдыратындары да кездеседі. Оған қарсы отбасылар түрлі діни көзқарастағы адамдар арасында да көбейіп отыр. Осыған байланысты Азаматтық қоғам және дін істері министрлігі заңға өзерістер енгізу туралы ұсыныс айтып, вакцинадан бас тартқан ата-аналарға айыппұл салу туралы ұсыныс та білдірген болатын.