"Бақыт үзімі" қоғамдық қоры мен №1 балалар үйі бірлесе отырып, Алматыда "Мейірімділікке жасалған қадам" атты қайырымдылық кешін өткізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Бақыт үзімі" қоғамдық қоры мен №1 балалар үйі бірлесе отырып, Алматыда "Мейірімділікке жасалған қадам" атты қайырымдылық кешін өткізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Алматыдағы Rixos қонақүйінің бал залында өткен қайырымдылық кешінің басты мақсаты – жетім балаларға, күн көрісі нашар отбасылар мен олардың нәрестелеріне, қымбат ем-дом ала алуды қажет ететін мұқтаж жандарға қаражат жинау.
Нақтырақ айтқанда, бұл кеште жиналған қаражаттың Алматыдағы №1 балалар үйі жеткіншктеріне, қымбат ота жасауды жедел түрде қажет ететін қазақстандық төрт нәрестеге, күн көрісі нашар отбасыларға тағам-тамақ алуға жұмсалатындығы алдын ала айтылды.
Осы мақсатта 450 шақыру билеті жасалып, оның 75-і ірі бизнес өкілдеріне, танымал шоумендерге, өнер қайраткерлеріне, атақты спортшыларға, Алматыдағы ЖОО ректорларына және басқа да лауазымды тұлғаларға таратылыпты.
Осы ретте айта кетейік, "Бақыт үзімі" қоғамдық қорының сапында бұрынғы спортшылар, атап айтқанда, суда мәнерлеп жүзу қарлығаштары көп. Сол себептен оларға Бекен Бекмұхамбетов сынды спорт қайраткерлері қолдау көрсетіп, қолдарынан келген көмектерін аяған жоқ.
Өкінішке қарай келушілер саны тым аз болды. Әйтсе де, ұйымдастырушылар да, №1 балалар үйі жеткіншктері де жасыған жоқ. Кешті бекітілген жоспар бойынша аса жоғары дейгейде өткізіп шықты.
Ал "Мейірімділіке жасалған қадам" атты қайырымдылық кеші аясында балалар үйі тәрбиеленушілерінің үлкен суреттері қойылды. Сондай-ақ Балалар үйі тәрбиеленушілері мен мүмкіндіктері шектеулі ардагерлердің жасаған қол өнерлік бұйымдары сатылды.
Қонақтарға шай беріліп, кештің соңы талантты жетім балалардың концертіне ұласты. "Тұран" этно-фольклорлық ансамблі ашып берген концерті №1 балалар үйі өнерпаздары жалғастырып, көрермендер қошеметіне ие болды.
Балалар үйі өнерпаздарының арасында өзге ұлт өкілдері көп болса да, олар қазақша өлең айтып, домбыра тартып, би биледі. Әсіресе, олар "Қаражорға" биін нақышына келтіріп, билеп шыққанда, жиналғандар ризашылықпен ұзақ қол шапалақтады.
Үлкендер жетім балалардың бойына патриоттық сезімді ұялатып жүрген №1 балалар үйінің ұстаздарына алғыстарын жаудырып, жас өнерпаздарға игі тілектерін жолдап отырды. Кеш өте әсерлі өтті.