Балқаш маңында болған әуе апатынан аман қалған ер адам қалай құтқарылғанын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Балқаш маңында болған әуе апатынан аман қалған ер адам қалай құтқарылғанын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
35 жастағы Орынғали Зикербаевтің айтуынша, сол күні олар жұмыс бабымен ұшқан.
"Барлығы бірнеше секундта болды, не болғанын түсінбей де қалдым. Моторға бірдеңе болып, ұшақ құлап түсті. Көзімді ашсам бетіме бактағы жанармай құйылып жатты", - дейді Орынғали Зикербаев. Айта кетейік, ол қазіргі уақытта Алматы қалалық №7 клиникалық ауруханада жатыр.
"Ұшақтан өз бетімше шыға бастадым. 10-15 минутта адамдар келіп, көмектесе бастады. Олар маған ұшқыштың қаза болғанын айтты. Қасымызда дәрігер болды Виктор деген, сол дәрігер көмектесті", - дейді зардап шеккен ер адам.
Оның айтуынша, үйде оны әйелі мен үш баласы күтіп отыр. "Дәрігерлердің арқасында қазір барлығы жақсы", - деді ер адам.
© Tengrinews.kz
Еске сала кетейік, 25 тамызда Алматы облысында екі адамдық ұшақ құлаған болатын. "25 тамызда сағат 11.45-те Желілік ІІБ-не Алматы облыстық ІІД жедел кезекшісінен Бақанас ауылынан 230 шақырым жерде, Бәймен ауылының маңында екі адамдық ұшақтың құлағаны жайлы хабар келіп түсті", - делінген еді Балқаш аудандық ІІБ кезекші бөлімінің хабарламасында.
Әуе апатының салдарынан 63 жастағы ұшқыш Анатолий Меньшиков қаза болған еді.