Алдағы уақытта өз мойнына тиісті жауапкершілікті алмай, бәрін мемлекетке сілтей салатын банктердің саны қысқартылатын болады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовке сілтеме жасап.
Алдағы уақытта өз мойнына тиісті жауапкершілікті алмай, бәрін мемлекетке сілтей салатын банктердің саны қысқартылатын болады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовке сілтеме жасап.
"Қазіргі кезде бізде 38 банк бар. Алғашқы 20 банк барлық депозиттердің 95 пайызын тартып отыр. Сол сияқты несиелердің басым бөлігі оларға тиесілі. Бұл дегеніміз, қалған 20-ға жуық банк отандық қаржы секторының 5-ақ пайызын алып отыр. Сондықтан біз өз жұмысына жауапты қаржы ұйымдарына сеніммен қарауға болады деп білеміз. Ал өз мойнына жауапкершілік алмай, бәрін мемлекетке сілтеп отыратын банктерге депозиттерді жүргізу лицензиясы берілмейтін шығар. Бәлкім, олардың барлығы шағын несие беру орталықтарына айнала ма?.. Қазір біз оның барлығын талқылап жатырмыз", - деді Қ.Келімбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен бүгінгі брифингте.
Бас банкирдің сөзіне қарағанда, алдағы уақытта екінші деңгейлі банктер үшін тиісті талаптар енгізілмек. Мәселен, кез келген банктің ең төменгі капиталы 100 миллиард теңге болуы шарт. Ол талапты барлық қаржы ұйымдары орындай алмайды. Сондықтан олардың саны азаюы әбден мүмкін. "Біздіңше, болашақта екі, я болмаса, үш негізгі банк қалады. Мысалы, Қазақстан халық банкі. Жақында ол HSBC-дің Қазақстандағы бөлімшесін сатып алды. Сол сияқты БТА мен Қазкоммерцбанк те бірігіп жатыр. Альянс, Темір мен Forte банктер де бір қаржы ұйымын құруы әбден мүмкін. Екінші жағынан, отандық экономикада 15-20 орта деңгейлі банктер қалады. Олар нақты салаларда жұмыс істейтін шығар. Негізі, өз ішіміздегі бәсекеден бұрын Сбербанк, Альфа мен ВТБ сияқты ресейлік банктерді де ескеру керек. Себебі олар да мықты күшке айналып келеді. Ал 2020 жылдан кейін Қазақстанға әлемдік қаржы корпорацияларының бөлімшелері ашылады. Сол кезде бәсеке қыза түседі. Біздің банктер оның барлығына дайын болуы қажет", - дейді Қ.Келімбетов.