Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Ақтау тұрғындарының алты жасар қыздың зорлануынан кейінгі үндеуіне жауап қатты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Ақтау тұрғындарының алты жасар қыздың зорлануынан кейінгі үндеуіне жауап қатты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кетейік, Маңғыстау облысының тұрғындары балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер үшін татуласу мен шартты мерзім қолданылмайтын, өмірлік бас бостандығынан айыру, химиялық жолмен піштіру, шет ел азаматтарын депортациялауға дейін жазаны қатаңдату туралы Мемлекет басшысына үндеу жолдаған.
Сонымен қатар, үндеуде жасалған әрекеттер үшін қолданылатын жазаның сәйкес келмейтіні және кейбір адамдарға шартты мерзімдер берілетіні көрсетілген.
"Азаматтардың алаңдаушылығына қосыла отырып, Бас прокуратура келесі ақпаратты хабарлайды. 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін кәмелетке толмағандарды зорлағандарға (14-тен 18 жасқа дейін) 8-ден 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатын. Егер жәбірленуші ретінде жас балалар болса (14 жасқа дейін), жаза мерзімі 15-тен 20 жылға дейін. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қылмыстық кодекс зорлаушыларға қатысты жауапкершілікті күшейтті. Енді кәмелетке толмағандарды зорлағаны үшін жаза 10-нан 15 жылға дейін, ал жас балаларға қатысты – 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмірлік бас бостандығынан айыру", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, жас балаларға қатысты сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша шартты түрде соттау, рақымшылық, мерзімінен бұрын шартты түрде босату және жазаны жұмсарту шараларын қолдануға тыйым салынатыны айтылған. Осындай қылмыстық әрекеттер бойынша сотталған ұстаздар мен ата-аналарға өмір бойы балаларға қатысты кез келген қызметпен айналысуға тыйым салынатыны да хабарланып отыр.
"Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2016 жылдың 9 сәуірінде осындай қылмыстық әрекеттер үшін жазаны қатаңдататын заң қабылданды. Енді жоғарыда аталған барлық шектеулер кәмелетке толмағандарға қарсы зорлық әрекеттерін жасағандарға да қатысты қолданылатын болды. Яғни, жас балаларға да, кәмелетке толмағандарға да осы сипаттағы қылмыстық әрекеттер жасағандарға ешбір жағдайда да шартты мерзімдер, рақымшылық, жазаны жұмсарту, мерзімінен бұрын шартты түрде босату қолданылмайды және олармен ешқандай процестік келісімдер жасалмайды", - делінген хабарламада.
Ал шет ел азаматтары үшін Қазақстан аумағында кез келген қылмыс жасағаны үшін жазасын өтегеннен кейін елден шығару енгізілді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап химиялық жолмен піштіру қолданылады, яғни, сот шешімі бойынша қылмыскерді жыныстық құмарлықты төмендететін дәрі-дәрмектерді қабылдауға мәжбүрлейтін болады екен.
"Жазалау шаралары бойынша. Соңғы бес жылдың ішінде жас балалар мен кәмелетке толмағандарды зорлағаны үшін шартты түрде соттау қолданылған емес. Барлық айыпталушыларға тек шынайы бас бостандығынан айыру тағайындалды. Мысалы, осы жылы жас балаларды зорлағаны үшін 26 адам бас бостандығынан айырылды. Олардың ішінде 20 жылға - 2, 19 жылға - 2, 18 жылға - 1, 17 жылға - 3, 16 жылға - 6, 15 жылға - 9, 11 жылға - 1, 7 жылға - 1, 6 жылға – 1 адам. Мұндағы 10 жылдан аз мерзімге бас бостандығынан айырылғандардың өздері кәмелетке толмағандар. Кәмелетке толмағандарға қатысты осындай қылмыс үшін, сонымен қатар басқа әрекеттердің жиынтығымен, 46 адам бас бостандығынан айырылды. Олардың ішінде 20 жылға – 1, 18 жылға – 1, 16 жылға – 1, 15 жылға – 1, 14 жылға – 3, 13 жылға – 3, 12 жылға – 5, 11 жылға – 18, 6 жылға – 1 адам, бұл жерде де 10 жылдан аз мерзімге бас бостандығынан айырылғандардың өздері кәмелетке толмағандар", - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осыған байланысты, Бас прокуратура үндеуде көтерілген мәселелер заңнамалық деңгейде де, сот тәжірибесінде де шешімін тапты деп хабарлайды. Кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалды сипаттағы қылмыстық әрекеттер жасағандар Картасында 1998 жылдан бастап барлық сотталғандарға қатысты мәліметтер келтірілген. Онда колониядан босап шыққандар да, 2005-2014 жылдары ауыр қылмыстарға жатпайтын әрекеттер үшін қоғамнан оқшаулаусыз жазаларға сотталған азаматтар да көрсетілген. Кәмелетке толмағандарды зорлау санының төмендеуіне қарамастан (148-ден 75-ке дейін), жағдай сонда да күрделі болып қалуда.
Бүгін құқық қорғау органдары мұндай қатыгез әрекеттерге қарсы барлық шараларды қолданып отыр. Барлық аймақтарда полицияның арнайы топтары жұмыс жасауда, жасырын педофилдерді анықтау бойынша, соның ішінде Интернет пен әлеуметтік желілерде де іс-шаралар жүргізілуде. Педофилдердің электронды базасы әзірленді. Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша 2015-2017 жылдарға арналған бірлескен жоспар іске асырылып жатыр.
Сондай-ақ Бас прокуратура балалар мен кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен туыстарын қырағылық танытуға, баланың қай жерде екенін және кіммен араласып жүргенін, соның ішінде Интернетте де, бақылап жүруге шақырады. Балаларыңызды қараусыз қалдырмаңыздар. Балалардың бойында жеке қауіпсіздігі үшін жауапкершілік сезімін тәрбиелеуді және оларды қарапайым өзін-өзі сақтау шараларын үйретуді сұраймыз", - деді Бас прокуратура өкілдері.
Жақын уақытта Бас прокуратура азаматтар мен қоғам өмірінің әлеуметтік сезімтал салалары бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құқықтық және практикалық шараларын кең ауқымды түсіндіру бойынша жұмыс бастауды жоспарлап отыр.
Еске салайық, жантүршігерлік оқиға 20 тамызда Ақтау қаласында болған. Түске дейінгі уақытта әжесі 6 жасар немересімен №1 ықшамаудандағы жұмысына келген. Немересіне қарауға уақыты болмаған әжесі баласына телефон соғып, қызын алып кетуін сұрапты. Біршама уақыт өткеннен кейін әйел өз немересінің жоқ екенін байқайды. Бастапқыда ол немересін әкесі алып кетті екен деп ойлайды. Алайда телефон соғып, қыздың әкесінің келмегенін білген ол немересін өзі іздей бастайды. Жоғалған қыздың туыстары оны бастапқыда өздері іздеген. Арада 2,5 сағат өткеннен кейін олар полицияға хабар берген. Жоғалған қызды іздестіруге Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің жеке құрамы түгелдей жұмылған.
Сонымен қатар, осы дерекке қатысты "Зорлау" бабы бойынша қылмыстық істің қозғалғаны белгілі.