Атырау облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай (ТЖ) режимі жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Құрманғазы ауданының әкімі бұл шешімге биылғы 31 шілдеде қол қойған. Алайда бұл туралы ақпарат тек қазір белгілі болып отыр. ТЖ жариялауға аудан аумағындағы гидрологиялық жағдайдың нашарлауы, атап айтқанда Қиғаш пен Шора өзендерінің, олардың арналарының, сондай-ақ Каспий теңізінің теңіз бөлігінің таяздануы негіз болған.
"Су айдындарының таяздануы балықтардың, соның ішінде бағалы түрлерінің уылдырық шашу және көшу үдерісіне кері әсерін тигізеді, шекаралық және құқық қорғау қызметтерінің, сондай-ақ балық аулау кемелерінің қозғалысына қиындықтар тудырады. Жыл сайын кәсіпшілік балық аулаудың жағдайы нашарлап барады. Бүгінде балық шаруашылығы субъектілерінен көптеген шағымдар түсті", – деп мәлімдеді Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Басқа проблемалар қатарында:
- арналар арқылы ауыл шаруашылығы алқаптары мен жайылымдарға судың шығуы қиындағаны;
- арналарда судың жоқтығы ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығына теріс әсерін тигізіп отырғаны айтылды.
Құрманғазы ауданы әкімдігі жанынан аудан әкімінің орынбасары басқаратын ТЖ-ны жою жөніндегі жедел штаб құрылған. Іс-шаралар жоспары бекітілді, ТЖ-ны жоюға қажетті техникалық және бюджеттік қаражат есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қиғаш пен Шора өзендерінің арналарында, сондай-ақ Каспий теңізінің теңіз бөлігінде арналарды тереңдету жұмыстары жоспарланған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!