Батыс Қазақстандағы елді мекендер топан судың астында қалуы мүмкін, деп хабарлады КТК.
Батыс Қазақстандағы елді мекендер топан судың астында қалуы мүмкін, деп хабарлады КТК.
Телеарнаның хабарлауынша, Батыс Қазақстандағы елді мекендерге су басу қаупі төніп тұр. Жуырда түскен қалың қар былай тұрсын, демалыс күндері өңірде ауа райы күрт жылып, жауын-шашын болады деп күтілуде. Осыған байланысты Шаған, Деркөл және Жайық өзендері арнасынан асып кетуі мүмкін. Ал тасқын бола қалса, он мыңға жуық тұрғын зардап шегейін деп тұр. Қазір жергілікті билік өкілдері мен құтқарушылар апаттың алдын алу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Олар өзен мұзын ойып, жұртқа қауіпсіздік шараларын барынша түсіндіріп жатыр.
"Александр Гапотченко су көп жиналатын мына аумақты жиі бақылап жүретінін айтады. Әйтпегенде маңайдағы еріген қар суы осында жиналып, үлкен көлге айналуы мүмкін дейді. Соның кесірінен бұл аумақта орналасқан үйлерді жылда су басады екен. Мұны ауданның коммуналшылары жақсы біледі", - деп хабарлады телеарна тілшісі.
Тұрғындар болса, биыл да үйлеріне су кіріп кете ме деп алаңдап отыр.
"Былтыр қарды уақытында шығарып, қауіптің алдын алды. Алдыңғы жылы бұл шаруаны кешіктіргендіктен маңайдағы судың бәрі осында жиналып, мына жер көлге айналған еді. Тағы қауіптеніп отырмыз", - деді Орал қаласының тұрғыны Александр Гапотченко.
Су басу қаупінің барын жергілікті атқамінерлер де мойындап отыр. Айтуларынша, қыс айларында аз жауған қар наурызда қалыпты мөлшерден көп түскен. Коммуналдық қызмет сол қарды әлі тазалап бітер емес. Ал синоптиктер демалыс күндері өңірде ауа райының күрт жылып, жауын-шашынды болатынын ескертуде. Шенеуніктердің қазір жанталасып жатқаны да сондықтан.
"Коммуналдық мекемелер өзінің техникасымен жұмыс істеуде, бірақ ол қазір жеткіліксіз болып тұр. Сондықтан біз жол жөндейтін мекемелердің және құрылысшылардың техникасын тарттық. Ал алыс елді-мекендерде шаруа қожалықтардың техникасын да жұмылдырдық. Сонда барлығымыз бірге қазір осы наурызға дейін тазалып тастасақ, едәуір жеңілдеп қалады. Қауіп азаяды", - деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.
Құтқарушылар болса қазір күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде. Бұрын мұзды жарып тастау әдісін қолданған мамандар қазір оны арнайы құрылғымен ойып жатыр. Өйткені, жару амалы қауіпті әрі қоршаған ортаға зиянды екен. Орал аумағында үш бірдей өзен арнасының барын айта кетейік. Құтқарушылар қазір ондағы қауіпті аумақтардың бәрін жіті бақылауда.
"Мұзды кесіп, оларды ойып олардың қалыңдығын әлсіретеміз. Қала бойынша 19 орында Шаған және Деркөл өзендерінде, ал сонымен қатар облыста жүргізіліп жатыр. Бұл Тасқала, Зеленов және Ақжайық аудандары", - деді БҚО ТЖД жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Аягөз Қожанбаева.
Болжамдарға қарағанда, биыл Орал өзенінің деңгейі былтырға қарағанда 6 метрге жоғары болады деп күтілуде. Тіпті, кейбір жерлерде 8,5 метрге дейін көтерілуі мүмкін. Бұл облыс орталығы аумағындағы саяжайлар мен өңірдегі елді мекендерді су басу қаупі бар деген сөз. Сондықтан қазірдің өзінде жедел эвакуациялауға арналған 28 орын сақадай сай дайын тұр.
Дереккөз: КТК.