Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Алматы маңында апатқа ұшыраған ұшақ пилоттарының оқиға кезіндегі диалогын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Алматы маңында апатқа ұшыраған ұшақ пилоттарының оқиға кезіндегі диалогын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Комиссия оқиғаның хронологиясын қалпына келтірді. Сағат 07:20:2-де ұшқан. Жылдамдық аспабында сағат 07:20:41-те 140 торапта экипаж шассидің алдыңғы тірегін көтеру бойынша іс-қимылдарды бастады. Жылдамдық аспабында сағат 07:20:45-те ұшақ 148 тораптың ұшу жолағынан көтеріледі. Бұл максимал жылдамдық болатын. Ұшақ жерден ұшқаннан кейін алдымен 5 градус солға қарай, кейін 19 градус оң жаққа қисайған. Одан кейін қайта 15 градус солға қарай қисайған", - деді Скляр.
Роман Склярдің сөзінше, экипаж басқару органдарын өзгертіп, ұшақты ұшу траекториясында ұстап қалмақ болған. Ұшақ қисайып, тік қалпында қала алмағаннан кейін әуе кемесінің негізгі тіреулері мен сол жақ қанаты ұшу-қону жолағына тиген.
"Қолда бар мәліметке сүйенсек, екінші ұшқыш әуеге көтерілгеннен кейін 10 секундтан соң қозғалтқыштардың жұмыс режимін бәсеңдету арқылы ұшуды тоқтатуға әрекеттенген. Алайда 4-5 секундтан кейін қозғалтқыштардың жұмыс режимі қайта артып, ұшақ ұшуын жалғастырған. Бұл әрекет ұшақ экипажының диалогынан және қуат қондырғысы параметрлеріндегі жазбадан расталды.
Сағат 07:20:53-те ұшақ оңға қарай қисайып, командир бұған қатысты "Не болды?" деп сұраған. Сағат 07:20:54-те екінші ұшқыш "Не болғанын білмеймін, стабилизатор, теже" деген. Ары қарай бейәдеп лексика. Осы сөзімен қатар екінші пилот қозғалтқышты басқару тетігін, соған қарағанда, баяу жылдамдық режиміне ауыстырған болуы мүмкін.
Сағат 07:20:57-де командир екінші ұшқыштың іс әрекетінен кейін "Керек емес, не істеп жатсың" деген. Бұл ретте әуе кемесінің командирі "Кеттік, ұштық, ұштық" деп, қозғалтқышты басқару тетігін ұшу режиміне ауыстырған болуы әбден мүмкін", - деді Роман Скляр.
Склярдың сөзінше, сағат 07:21:4-те ұшақ командирі "Шассиді көтер" деп бұйрық берген. Содан кейін шасси бірнеше рет қону жолағына тиіп кеткен: алты рет артқы бөлігімен, төрт рет шассидің негізгі тіреуіне және бір рет ұшақты сол жақ қанатымен қауіпсіздік жолағынан асыра тиген. Одан бөлек ұшу-қону жолағының 38 жарығы зақымдалған.
Мұның алдында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаев Bek Air әуе апатының үш нұсқасын атаған болатын.
Еске салайық, 27 желтоқсанда Алматыдан елордаға ұшып шыққан Bek Air ұшағы биіктік жоғалтып, әуежайдан ұшып шыққан бетте құлаған. Бортта 95 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. Кейін желіде құлаған ұшақтың суреттері тарала бастаған еді. Артынша Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті ұшағы құлағаннан кейін шұғыл желі ашылғанын хабарлаған болатын. Кейінірек Тоқаев әуе апатынан қаза тапқандардың отбасына көңіл айтқан еді.