Терроризм мен елдің мүддесіне зиян келтіргендерді азаматтықтан айыру туралы заң жобасының ешқандай да саяси астары жоқ. Бұл туралы ҚР әділет министрі Марат Бекетаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Терроризм мен елдің мүддесіне зиян келтіргендерді азаматтықтан айыру туралы заң жобасының ешқандай да саяси астары жоқ. Бұл туралы ҚР әділет министрі Марат Бекетаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Үкімет ҚР Конституциясының нормаларына сәйкес кейбір заңнамалық актілер мәселесіне қатысты заңжобаның концепциясын мақұлдады. Айта кетейік, ол үшін 7 кодекс пен 36 заңға өзгертулер енгізу керек.
"10 бап террористік әрекеттер мен 11 бап республика мүддесіне өмірлік маңызы бар зиян келтіру туралы болады. Мұның ешқандай да саяси астары жоқ, ешқандай да саяси мәселелермен де байланысты емес. Мұнда басты мәселе террористік әрекеттерге қатысатын адамдарға Қазақстанға қайтуға мүмкіндік бермеу, яғни бұл олардың өз идеологиясын Қазақстанда таратпауы үшін жасалып отыр. Сирияда террористер немен айналысып жатқанын және олардың басқа елдерде не орнатқысы келіп жүргендерін қарап көріңіздерші. Міне, мәселе осында", - деп түсіндірді Марат Бекетаев.
Оның айтуынша, бұған азаматтығы жоқтармен күресу жөніндегі Конвенцияда көрсетілген баптар негіз болған. Конвенцияның 8-бабында мемлекеттің ел мүддесіне зиян келтіретіндерді азаматтықтан айыра алатыны айтылады.
"Президент әкімшілігі прокуратура мен сот қызметі жүйесіне қатысты заңжобасын өзгерістермен толықтыруды ұсынды. Бірінші өзгерту "Прокуратура жайлы" заң жобасымен байланысты. Ал екінші өзгерту судьяға үміткер болатындарға талапты күшейтуге қатысты болады", - деді Бекетаев.
Еске сала кетейік, осыған дейін Нұрсұлтан Назарбаев "Ислам мемлекеті" ұйымына кіретін қазақстандықтардың азаматтығынан айырылатынын айтқан болатын. "Қазақстандағы заңнамаға сәйкес, біздің еліміздің құзырындағы азамат кетіп, қандай да бір экстремистік ұйымға кіретін болған жағдайда ол отанына қайтып келе алмайды: автоматты түрде азаматтығынан айырылады. Бұл мәжбүрлі шара", - деген еді Назарбаев.