Алматы қаласының бас мемлекеттік санитария дәрігері Жандарбек Бекшин Қазақстанда қолданылатын вакциналардың қайсысы коронавируспен күресуде тиімді екенін, жанама әсері аз және ревакцинацияға жарамды екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы қаласының бас мемлекеттік санитария дәрігері Жандарбек Бекшин Қазақстанда қолданылатын вакциналардың қайсысы коронавируспен күресуде тиімді екенін, жанама әсері аз және ревакцинацияға жарамды екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бас санитария дәрігердің жазбасы Facebook-те жарияланды.
Жандарбек Бекшиннің айтуынша, биыл сәуірден бастап Алматы қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті вакцинацияның толық курсын алғандардан, яғни екпе алғаннан кейінгі 42-45 күннен соң COVID-19-ға мониторинг жүргізді.
"Коронавирус инфекциясына қарсы екпе алған 980 мыңнан аса азаматтың 3 239-ы қайта ауырған, бұл - 0,33 пайыз. Вакцинацияның толық курсын алғаннан кейін Алматыда коронавирус инфекциямен сырқаттанушылық бойынша жағдай мынадай: "Спутник V" - 0,37 пайыз, "Синовак" - 0,19 пайыз, QazCovid-in (Qazvaс) - 0,17 пайыз", - деді ол.
Бас мемлекеттік санитария дәрігер науқастардың басым көпшілігінде ауру жеңіл болғанын баса айтты.
"Статистика бойынша, QazCovid-in екпесінен кейін ауырғандар аз тіркелген. Қалалық аурухананың емдеу жұмысы жөніндегі орынбасарының мәліметінше, отандық препаратпен вакцинациядан кейін науқастарда басқа екпемен салыстырғанда жанама әсерлер аз байқалады", - деді Жандарбек Бекшин.
Сондай-ақ, ол QazCovid-in екпесін салдырғандар арасында ауруханаға жату пайызы басқа препараттармен салыстырғанда айтарлықтай аз байқалатынын айтты.
"Бұл біздің елдегі пандемиямен күресте жақсы көрсеткіш. Отандық вакцинаны алғаннан кейін инфекциялық стационардың қызметкерлері ревакцинация үшін QazCovid-in-ді лайықты қорғаныс ретінде таңдағанын атап өткім келеді", - дейді бас санитария дәрігер.
Қорытындылай келе, Жандарбек Бекшин санитарлық талаптарды сақтау керек екенін еске салып, вакцинацияны кейінге қалдырмауға шақырды, өйткені тек ұжымдық иммунитет індетті тоқтататынын айтты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!