Бектенов Энергетика министрлігі мен “Самұрық-Қазына“ басшылығына тікелей жауапкершілік туралы ескертті

Олжас Бектенов Фото: t.me/KZgovernment

Премьер-министр Олжас Бектенов Энергетика министрлігі мен "Самұрық-Қазына" қорының басшылығына бірқатар ірі энергетикалық нысандардың уақтылы пайдалануға берілуіне қатысты жеке жауапкершілік бар екенін еске салды. Бұл туралы ол үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Әңгіме Алматы жылу-электр орталықтары (ЖЭО), сондай-ақ Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысы туралы болып отыр.

"Энергетика министрлігі мен "Самұрық-Қазына" қорының басшылары Алматы электр станциялары мен Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының уақтылы іске қосылуына тікелей жауап беретінін тағы да ескертемін", - деді Олжас Бектенов.

Жарнама
Жарнама

Үкімет басшысы өткен аптада Энергетика министрі ЖЭО-2 және ЖЭО-3 нысандары бойынша ревизия жүргізгенін айтты.

"Жұмыс қарқыны өте төмен. Егер жылдың соңына дейін бітірмесеңіздер, сіздің жеке қатаң жауапкершілігіңіз қаралатын болады. Күнделікті бақылауға алыңыз", - деп тапсырды премьер.

Олжас Бектенов ел экономикасының дамуы, индустрияландыру және цифрландыру процестері энергетикалық қуаттарды одан ары арттыруды және инфрақұрылымның өсіп келе жатқан қажеттіліктерін сенімді түрде қамтамасыз етуді талап ететінін атап өтті.

Еске сала кетейік, маусымда Олжас Бектенов "Қазақстан темір жолы" (ҚТЖ) ұлттық компаниясының басшысы Талғат Алдыбергеновке де осындай ескерту жасаған болатын. Ол кезде премьер жеке жауапкершілік туралы ескертіп, ұлттық компания басшысына транзиттік тасымал жоспарынан қалып қою мәселесін көтерген еді.

Өткен аптада Талғат Алдыбергеновтің ҚТЖ басқарма төрағасы қызметінен кеткені белгілі болды. Ұлттық компания басшысының міндетін атқарушы болып Бауыржан Орынбасаров тағайындалды.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама