Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша төрағалық етуші судья Әбінұр Қарабаевқа қатысты тексеру тағайындалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сот процесі барысында төрағалық етуші судья Қарабаев журналистке тілін көрсеткен, ол сәтті журналист видеоға түсіріп алған.
Шымкент сотының баспасөз қызметі Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына жауап беріп, судьяның әрекеті мұқият зерттелетінін хабарлады.
"Шымкент әкімінің орынбасарына жасалған қастандық ісін қарау кезінде төрағалық етуші судья Әбінұр Қарабаевтың әрекеттері Судьялық әдеп кодексін бұзу тұрғысынан тексеріледі", – деп жауап берді соттың баспасөз қызметі.
Қызметтік тексеру материалдары судьялық әдеп жөніндегі комиссияның қарауына жолданады.
"Судьяның ар-намысын кірлейтін тәртіптік теріс қылық жасағаны расталған жағдайда, материалдар Жоғары сот кеңесі жанындағы Судьялық алқаға жолданады. Қандай жағдай болмасын, судьялар кәсіби әдеп нормаларын қатаң сақтап, сот жүйесіне қоғамның жоғары деңгейдегі сенімін қамтамасыз етуге міндетті", – деп қосты соттың баспасөз қызметі.
Еске салайық, Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау дерегі бойынша сот процесі өтіп жатыр. 18 тамызда шенеунік сотта куәлік берген еді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!