БҒМ балабақшаларға қойылатын талаптарды күшейтіп жатыр. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Telegram-да жазды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
БҒМ балабақшаларға қойылатын талаптарды күшейтіп жатыр. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Telegram-да жазды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бейнекамералар арқасында қоғам балалар құқығы бұзылған деректер туралы хабардар. Бұл балабақшаларға қойылатын талаптарды күшейту қажеттілігі туралы ұстанымның өзектілігін растайды.
Ол он жылдан астам уақыт бұрын балабақшалар санының жылдам өсуін ынталандыру үшін лицензиялаудан, кейін мемлекеттік бақылаудан, мониторингтен және олардың қызметін реттеуден бас тарту туралы шешім қабылданғанын айтты.
"Ол қандай нәтиже берді? Жекеменшік балабақшалар саны күрт артып, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар бірден 99 пайызға дейін қамтылды. Бұл - жақсы нәтиже. Алайда балабақшалар санын көбейтуге мүмкіндік болса да, сапа мәселесі өзекті болып қала береді. Балабақшалардың жартысы техникалық және санитарлық талаптарға сай келмейтін ғимараттарда, білікті мамандарсыз және қауіпті жағдайларда ашылған. Мұндай деректер жеткілікті", - деп жазды министр.
Министр екі жыл бұрын лицензиялау мен мемлекеттік бақылауды қайтаруға әрекет жасағандарын айтты. Алайда сол кезде кәсіпкерлер палатасы, балабақшалар қауымдастығы және бірқатар мемлекеттік орган ұстанымы бұл норманы заңға енгізуге мүмкіндік бермеген.
"Бірақ біз бұл бағытта жұмысты тоқтатпадық. Былтыр мемлекеттік аттестаттау жүйесін енгізе алдық. Аттестация нәтижесі көңілден шықпады. Тексерістен өткен балабақшалардың 80 пайызы мемлекеттік аттестациядан өте алмады", - дейді министр.
Әңгіме балабақшадағы бүлдіршіндерге қолайлы жағдай жасалмауы, оқу-тәрбие жұмыстарының мемлекеттік білім беру стандартына, қауіпсіздік техникасы, өрт және санитарлық нормалардың талаптарға сәйкес келмеуі, тәрбиешілердің қол көтеруі және басқа да келеңсіз фактілер туралы болып отыр.
Ведомство бес негізгі бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр:
- Лицензиялауды қайтару. Бұл мәселе бойынша депутаттардың, қоғам мен мемлекеттік органдардың қолдауына үміт артамыз.
- Жұмыс жағдайлары мен сапасын тексеріп, барлық балабақшаны аттестациялаудан өткізу.
- Балабақшаларға мемлекеттік тапсырыстарды орналастыруға қойылатын талаптарды күшейту.
- Мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін арттыру. Колледждер мен ЖОО-ларда мамандарды даярлау сапасын арттыру.
- Мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі бойынша бағдарламалардың мазмұнын жаңарту, деді министр.
Министрдің айтуынша, соңғы жылдары балабақша тәрбиешісі мамандығына оқуға түсуге конкурс күрт төмендеп кеткен. Бұл ең алдымен жалақыға байланысты.
"Тәрбиешілердің жалақысы жыл сайын 25 пайызға өскенімен, базалық жалақының аздығынан ол әлі де болса жеткіліксіз болып отыр. Қазір біз бірнеше балабақшада пилоттық жоба бастадық. Бұл жоба бойынша екі тәрбиеші жарты күн емес, күні бойы жұмыс істеп, екі есе жалақы алады. Кейін пилоттық жоба нәтижесі бойынша шешім қабылданады", - деді ол.
Сондай-ақ, министр жекеменшік балабақша ашатын кәсіпкерлерді қолдау маңызды екенін айтты.
"Бірақ біздің жұмысымыздағы басты бағыт - балалардың қауіпсіздігі және оларға қолайлы әрі сапалы жағдай жасау. Мұндай ережелер ата-аналар үшін маңызды және адал кәсіпкерлер үшін пайдалы деп есептеймін", - деді Аймағамбетов.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!