Бұл туралы Берік Әбдіғалиұлы облыстық мәслихат депутаттарының алдында берген есебінде айтты.
Өңір басшысы халық қалаулыларына Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, алдағы кезеңге арналған жоспарларымен бөлісті.
Осы жылдың қорытындысы бойынша барлық негізгі көрсеткіш бойынша оң динамика күтілуде. 2023 жылға арналған облыстық бюджет республикалық бюджеттен трансферттердің нақтылануы мен түсуін ескере отырып, бекітілген бюджетпен салыстырғанда 25% - ға өсіп, 141,8 млрд теңгені құрады.
Өңір басшысы қызметтің басым бағыттарын белгілеп, депутаттарға жұмыс жүргізіліп жатқан салалар туралы айтып берді. Мәселен, 2023 жылдың 8 айында тұрғын үйді пайдалануға беру 39,7 мың шаршы метрді құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 56,7% - ға артық. Халық санының өсуін ескере отырып, облыста 7 үй салынды: 2 жалға беру, 1 кредиттік және 4 коммерциялық. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 18-ден астам пәтер сатып алынады.
Сонымен қатар Берік Әбдіғалиұлы денсаулық сақтау саласын дамыту жоспарына да тоқталды. Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында бас аяғы 9 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталуға жақын. Одан бөлек, өңірдің медициналық мекемелеріне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Олар: Сәтбаев қаласының орталық ауруханасы, Жаңаарқа ауданының көпсалалы аудандық ауруханасы, Қаражал қаласының орталық ауруханасы және Жезді кентінің ауруханасы. Сонымен қатар, биыл желтоқсан айында ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға арналған оңалту орталығының ашылуы күтілуде. Онымен қоса республикалық бюджет есебінен шамамен 2 млрд теңге сомаға заманауи медициналық жабдық сатып алынады, оның 500 млн теңгесі ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыртуға бағытталады.
Өңір үшін ең өзекті мәселелердің бірі-алдағы жылыту маусымына дайындық. Берік Әбдіғалиұлы 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында ЖЭО-да жөндеу жұмыстары жүргізілгенін хабарлады. Екі қазандық пен үш турбинаның ағымдағы жөндеуі аяқталды. Екі қазандықты күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда, тағы бір қазандықта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 4,2 шқ. жылу желілері жаңғыртылды, тағы 40,5 шқ. жөнделді, осы жылдың соңына дейін 2,6 шқ. желілерді қайта жаңартуға қосымша қаражат бөлінетін болады. Сонымен қатар, Жезқазғанда 43,4 шқ. газ құбыры желісі салынып, 219 абонент қосылды.
Қатынас құралын жақсарту – өңірдегі туризмді дамытуға жол ашады. Осы мақсатта Жошы хан, Домбауыл кесенелеріне апаратын жол құрылысы келесі жылы аяқталады. Сонымен қатар 11 қазаннан бастап, Ұлытау облысынан оңтүстік өңірге қатынас жеңілдейді. "Qazaq Air" әуе компаниясы арқылы аптасына екі рет Шымкент-Жезқазған-Шымкент бағытында ұшақ жолаушы тасымалымен айналысатын болады.
Білім беру саласындағы тың жаңалықтың бірі – "Ұлытау" техникалық университетінің құрылуы болды. Келер жылы білім ордасы студенттерді қабылдай бастайды. Одан бөлек "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында Қабанбай шағынауданында 300 орындық білім ошағы салынады. Жезқазған қаласындағы Абай атындағы мектеп-интернатына арналған 200 орындық жатақхана құрылысы басталды.
Кешенді жоспар сондай-ақ облыстың индустриялық-инновациялық дамуын қамтиды. Олар: Жезқазғанда шикі мыс концентраттарын гидрометаллургиялық өңдейтін және өнеркәсіптік реагент шығаратын химия зауытын салу, "Жомарт" кен орны базасында мыс өндіретін Жезқазған мыс балқыту зауытын газдандырумен жаңғырту.
Сонымен қатар жиында биыл Ұлытау облысына қосымша 36 млрд теңге тартылғаны атап өтілді. 2024 жылға арналған облыстық бюджет жобасы өз кезегінде 1,2 есеге өсті. Жалпы, өңір басшысы жоспарланған іс-шаралардың барлық кешенін іске асыру - облыс тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететінін айтты.