ПОДЕЛИТЬСЯ
21 маусым 2021 | 17:18
БЖЗҚ-ға қосымша 5 пайыздық жарна: министрлік норма қашан іске қосылатынын айтты
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі экономист Олжас Құдайбергеновтің еліміздің мемлекеттік органдары жұмыс берушілер есебінен қосымша 5 пайыздық зейнетақы жарналарын енгізу жоспарына қайта оралғаны туралы жазбасына пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі экономист Олжас Құдайбергеновтің еліміздің мемлекеттік органдары жұмыс берушілер есебінен қосымша 5 пайыздық зейнетақы жарналарын енгізу жоспарына қайта оралғаны туралы жазбасына пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ведомство зейнетақы заңнамасына жаңа түзетулер әзірленіп жатпағанын мәлім етті. Жұмыс берушілердің 5 пайыз мөлшеріндегі міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) енгізу туралы нормалар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 2 тамыздағы заңмен қабылданған.
"Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын енгізуді 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асыру жоспарланған болатын. Алайда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жоспар енгізілгелі жатқанын ескере отырып, осы түзетулерді қолданысқа енгізу мерзімі 2020 жылға ауыстырылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2019 жылы заңнамалық түзетулер қабылданды, оған сәйкес МЗЖ енгізу мерзімі 2023 жылға ауыстырылды ("Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандыру және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Заң)", - делінген Еңбек министрлігінің жауабында.
Сондай-ақ, министрлік 2019 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет жанынан зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту, оның ішінде жұмыс берушілердің 5 пайыздық міндетті зейнетақы жарналарын енгізу мәселелерін қарау бойынша жұмыс тобы құрылғанын айтты. Ведомство мәліметі бойынша, жұмыс тобына мемлекеттік органдардың өкілдері, парламент депутаттары мен сарапшылар кіреді.
"Жұмыс тобы аясында әзірленген ұсыныстарды Мемлекет басшысы қолдады, ал ұсынылған шаралардың бір бөлігі заңнамалық деңгейде де, іс жүзінде де жүзеге асырылды. Мысалы, 2021 жылдан бастап зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделуге, қаржы ұйымдарының басқаруына беруге мақсатты пайдалану мүмкіндігі берілді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыс берушілер МЗЖ-ны 2023 жылдан бастап өз қаражаты есебінен жұмыскерлер пайдасына аударатын болады.
Бұл халықаралық стандарттарға сәйкес келетін зейнетақы жасына жеткен кезде қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының барабар деңгейін (зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі табысты ауыстыру коэффициенті) сақтауға, сондай-ақ БЖЗҚ-ның барлық салымшысы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін нысаналы пайдалану құқығын іске асыруға мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.
Бірнеше күн бұрын экономист Олжас Құдайбергенов еліміздің мемлекеттік органдары жұмыс берушілер есебінен қосымша 5 пайыздық зейнетақы жарналарын енгізу жөніндегі жоспарға қайта оралғанын жазған болатын.
Еске салайық, 2019 жылдың шілдесінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әрбір жұмыс беруші міндетті 10 пайыздық жарнадан бөлек, жұмыскердің жалақысының қосымша бес пайызын БЖЗҚ-ға аударуға міндетті екенін хабарлаған болатын. Тиісті заң 2015 жылы қабылданды. Жүйені 2018 жылы енгізу жоспарланған болатын, бірақ бейінді ведомство жаңа енгізілімді келесі жылға шегерді.
Кейін бұл жарналар азаматтардың меншігі болмайтыны және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ашылған әрбір қызметкердің шартты зейнетақы шотында тіркелетіні белгілі болды. Сонымен қатар, қосымша 5 пайыздық жарналар мұраға берілмейді.
Бұл жаңалықты халық сынға алды. Адамдар жұмыс берушілер қызметкерлердің жалақысына онсыз да аударылатын 5 пайызды салады деп қорықты. Кәсіпкерлер де өз бюджетіне қосымша ауыртпалық түсіруге қарсы болды.
2019 жылдың қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 пайыздық зейнетақы төлемін енгізуді 2023 жылға дейін кейінге қалдырды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также