БҚО-да шенеунік қызын зорлағанын айтқан әке тағы бір мәлімдеме жасады

ПОДЕЛИТЬСЯ

БҚО-да шенеунік қызын зорлағанын айтқан әке тағы бір мәлімдеме жасады ЖИ арқылы жасалған

Батыс Қазақстан облысында 16 жастағы қыздың әкесі жаңа мәлімдеме жасады. Ол шенеунікті жазалауды талап етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Батыс Қазақстан облысында 16 жастағы қыздың әкесі жаңа мәлімдеме жасады. Ол шенеунікті жазалауды талап етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Не болған?

Бұған дейін жәбірленушінің әкесі 68 жастағы ер адам оның кәмелетке толмаған қызын алдап үйіне апарып, оған қатысты күш қолданғанын айтқан. Оның сөзінше, арыз жазылғаннан кейін күдікті ұсталған, алайда көп ұзамай босатылған. Сондай-ақ, әкесі Шыңғырлау аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тергеуді жеткілікті деңгейде жүргізбей жатқанын мәлімдеген.

Полиция не деді?

БҚО Полиция департаменті мәліметінше, 2 қаңтарда Ақсайдың 16 жастағы тұрғынына қатысты заңсыз әрекеттер жасалғаны туралы хабарлама түскен. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"Тергеу барысында хат алмасу және істің объектив қаралуына маңызы бар өзге де деректер анықталды. Тергеу нәтижесінде кәмелетке толмағанға қатысты күш қолдану дерегі расталмады. Мұны жәбірленушінің өзі және анасы да растады, олар күдіктіге қатысты ешқандай талап-арыздарының жоқ екенін айтып, қарым-қатынастың өзара келісіммен болғанын мәлімдеді", – деп хабарлады полиция.

БҚО ПД дерегінше, күдікті аудандық әкімдік бөлімінің қызметкері болған. Арыз түскеннен кейін ол қызметінен босатылған. Тергеу жалғасып жатыр, іс полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Қыздың әкесі не дейді?

Жәбірленуші қыздың әкесі жаңа мәлімдеме жасады. Ер адам "Уральская неделя" басылымына берген сұхбатында әйелі мен қызы айыптаудан бас тартты деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, басынан бастап оларға қысым жасалған.

Ер адамның сөзінше, қаңтардың басында полицияға арыз түсіргеннен кейін, өзіне де, жұбайы мен қызына да түрлі қысым көрсетілген. Полиция қызметкерлері арыздан бас тартуға үгіттеген. Ол әйелі мен қызын жеке кабинетке кіргізіп сөйлескенін, оларға талап қойылғанын айтқан.

Әкесі бұл жағдайдан бейхабар болғанын жеткізді. Ол арыздан бас тартпайтынын және істі соңына дейін жеткізіп, сотқа дейін апаратынын бірден айтқан. Оның айтуынша, жұбайы бұл шешімін қолдайды.

Ол полиция істі қалай тоқтатпақ екенін түсінбейтінін де қосты, себебі күдіктінің мойындаған жауабы бар.

"Біздің арызымыздан кейін оны бөлімшеге әкелгенде, ол мас күйде болды және қызымды зорлағанын мойындады. Ал екі күннен соң екі адвокат жалдап, мүлде басқаша айта бастады, қызды 20 жаста деп ойлағанын және бәрі оның өз қалауымен болғанын айтты. Егер ол кінәсіз болса, онда неге оның әйелі біздің үйге келіп, кешірім сұрап, ақша ұсынды? Полицияда да одан ақша алуды ұсынды. Астанадағы ағаларынан да ақша алу туралы ұсыныс түсті. 10 миллион, 20 миллион деген сомалар айтылды. Тіпті пәтермен өтеуді де ұсынды. Бірақ мен бас тарттым. Өйткені бұл қызымның тағдырына кері әсер етеді. Ол онда бәрін ақша шешеді, өмірдегі ең бастысы сол деп ойлап қалады. Балаларға бұлай жасауға болмайды", - деді ол.

Әкесі полицияға берген арызынан бас тартпағанын ерекше атап өтті.

"Қызымның көзіне қалай қараймын? Тағы төрт жастағы қызым бар. Ертең ол да өседі. Осындай әрекет жазасыз қала бере ме?" - дейді ол.

Сонымен қатар, олардың үйіне колледж өкілдері келіп, қызды есепке қою мәселесін көтергенін айтты. Бірақ оқиға күндіз, түскі уақытта болғанын білген соң, бұл ойларынан бас тартқан. Әкесінің пікірінше, бұл да қысымның бір түрі болған. Полиция тарапынан да "қыздың өзі кінәлі" деген сөздер айтылғанын жеткізді.

Ол істің әділ тергелуін және кінәлі адамның сот алдында жауап беруін талап ететінін мәлімдеді.

Бұдан бөлек, әкесі дәл осы мемлекеттік қызметкерден тағы бір кәмелетке толмаған қыз зардап шеккенін айтты. Оның айтуынша, ол жас жігіт болып хат жазып, қызды алдап үйіне шақырып, зорлық жасаған. Ол бұл отбасыны танитынын, алайда белгісіз себептермен олардың полицияға жүгінбегенін жеткізді.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 496.85  course down  588.03  course up  6.47  course down

 

Ауа райы

location-current
Алматы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети