Өскемендік отбасы халықаралық бағдарламамен шетел асқан ұлдарын таппай қалды. АҚШ-тағы ең беделді университетке 2007 жылы түскен Ержан Еліков оқуын бітіретін жылы елге оралмаған. Жалғызынан көз жазып қалған ата-ана ұлын сұрап "Болашақ" бағдарламасының Астанадағы бас кеңсесіне дейін барыпты. Бірақ ондағылар хабарсыз кеткен стипендиатты іздеудің орнына, қамкөңіл отбасыны сотқа беріп, жалғыз баспанасын сот арқылы тартып алған, - деп хабарлайды КТК.
Өскемендік отбасы халықаралық бағдарламамен шетел асқан ұлдарын таппай қалды. АҚШ-тағы ең беделді университетке 2007 жылы түскен Ержан Еліков оқуын бітіретін жылы елге оралмаған. Жалғызынан көз жазып қалған ата-ана ұлын сұрап "Болашақ" бағдарламасының Астанадағы бас кеңсесіне дейін барыпты. Бірақ ондағылар хабарсыз кеткен стипендиатты іздеудің орнына, қамкөңіл отбасыны сотқа беріп, жалғыз баспанасын сот арқылы тартып алған, - деп хабарлайды КТК.
Бұл Еліковтер отбасының жалғыз ұлын шетелге шығарып салып тұрған сәті. Баласы "Болашақтың" стипендиаты атанған ата-ананың қуанышы қойнына сыймай жүр. Міне, содан бері тоғыз жыл өтті. Ержан елге оралуына екі ай қалғанда, АҚШ-та із-түссіз жоғалып кетіпті.
"Соңғы рет ол маған 2011 жылы телефон соқты. Мені 8 наурыз мерекесімен құттықтаған болатын. Содан бері ұлымнан хабар жоқ. Жазбаған жеріміз, кірмеген есігіміз қалмады. Бірақ бірде-бір мемлекеттік орган ұлымды тауып беруге күш салып жатқан жоқ" деді Ержанның анасы.
© КТК кадры
Қазір 28 жасқа толған Ержан төрт жыл бойында үйіне үздіксіз қоңырау шалып отырыпты. Жазғы демалыс сайын да елге келіп жүрген. Сондықтан телефоны сөніп қалғанда, ата-анасы онша күдіктене қоймады. Бірақ елге оралатын уақыты жақындаған студент сол бойы жоғалған. Университеті де іздемеген. Қайта қатыспады деп оны сырттай оқудан шығарып жіберіпті. "Болашақтағылар" да байланысқа шықпаған студентке жүрдім-бардым қарап стипендиясынан айырып қоя салған.
"Күйеуім күдіктеніп, бірден Астанаға жол тартты. Баланы "Болашақтың" кеңсесінен барып сұрады. Бірақ ондағылар жауап бере алмады. Біліп береміз деді де, баланың қайда екенін сол күйі айтпады", - деді Ержанның анасы Зяйния Елікова.
"Болашақпен" кеткен Ержанның жоғалғанына осымен бесінші жыл. Жалғызынан көз жазып қалған әкенің жазбаған жері қалмаған. Артынан АҚШ-қа өзі іздеп барайын десе, қалталарында қаржы жоқ. Қарапайым металургтың тапқан табысы, шетел асуға жетпейді. Одан қалды отбасы қазір далада қалған. Өйткені жалғыз пәтерін "Болашақтағылар" оқудың өтемақысы ретінде сот арқылы тартып алған.
Тағы 20 миллион теңге қарыз артып қойған. Бірақ Еліковтер отбасы баспанасын алған «Болашақ» бәрінен бұрын баламызды қайтарса дейді.
"Болашақ" бағдарламасын ұйымдастырушылар баламды қайтаруы тиіс. Шетелге жіберген соң бас-көз болу керек емес пе? Бес жыл болды, жауап жоқ. Студентті іздеудің орнына, сот арқылы оқу ақысын өндіріп алды", - деді Ержанның әкесі Серік Еліков.
"Ержан Еліков оқу үлгерімі нашарлаған соң, стипендиясынан айырылды. Қазір ол біздің студент емес. Қазір біз оларға сот арқылы қалған қаржыны өтеу туралы ескерту қағазын жібердік. Оның жоғалып кеткеніне біздің қатысымыз жоқ", - деді "Болашақ" Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ вице-президенті Мейіржан Алпысбай.
Ал анасы жылай-жылай көздің жасын тауысқан. Бірнеше республикалық олимпиадалардың жүлдегері, қазақ-түрік лицейінің үздігі Ержан 18 жасында Алматыдағы заңгерлер академиясына грантқа түсіпті. Содан бірден "Болашаққа" барған. Қазақ баласы Пенсильвания штатындағы ең беделді университетте санаулы гранттың иегері атаныпты. Енді не өлі, не тірісін ешкім білмей отыр. (Дереккөз: КТК)