Бір отбасынның жантүршігерлік өлімі: Ақбаян Мұқанғалиеваның психиатриялық сараптама қорытындысы белгілі болды

Бір отбасынның жантүршігерлік өлімі: Ақбаян Мұқанғалиеваның психиатриялық сараптама қорытындысы белгілі болды Бейнеден кадр

Ақбаян Мұқанғалиеваның психиатриялық сараптама қорытындысы белгілі болды. Атырау облыстық прокуратурасы кейбір мәліметтерді хабарлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ақбаян Мұқанғалиеваның психиатриялық сараптама қорытындысы белгілі болды. Атырау облыстық прокуратурасы кейбір мәліметтерді хабарлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Психиатриялық сараптама

10 наурызда Индонезиядан экстрадицияланғаннан кейін Ақбаян Мұқанғалиева Атыраудағы мамандандырылған медициналық мекемеге жіберілді. Наурыздың аяғында прокуратура егер әйелден психикалық ауытқу белгілері анықталса, оған Алматыда сараптама тағайындалатынын хабарлаған болатын.

Жарнама
Жарнама

10 сәуірде Мұқанғалиева Алматыдағы Сот сараптамасы институтына ауыстырылды.

"Алматыдағы стационарлық кешенді сот психологиялық-психиатриялық сараптамасы қорытындысына сәйкес, Мұқанғалиева динамикалық бақылау мен дифференциалды диагностиканы қажет етеді", – деп хабарлады прокуратура.

Анықтама: Басқаша айтқанда, мамандар адамның психикалық жағдайы туралы түпкілікті қорытынды жасау үшін қосымша бақылау мен тексеру қажет деп есептеген.

Қылмыстық іс

Атырау облыстық прокуратура мәліметінше, бастапқыда Мұқанғалиеваға қатысты 99-баптың 2-бөлігі 1-тармағы "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру" бойынша қылмыстық іс тергелген. Алайда 27 сәуірде қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды.

Соған қарамастан, тергеу әйелге қатысты материалдарды басқа бап бойынша жеке іс жүргізуге бөлген.

"Сонымен қатар қылмыстық іс материалдарынан Қылмыстық кодекстің 434-бабында көзделген "Қылмыс туралы хабарламау" белгілері бойынша жеке іс жүргізу бөлінді. Мұқанғалиеваның іс-әрекетіне әлі түпкілікті құқықтық баға берілген жоқ, бұлтартпау шарасы таңдалмады", – деп хабарлады прокуратура редакцияның ресми сауалына берген жауабында.

Анықтама: 434-баптың "Қылмыс туралы хабарламау" санкциясы 6 000 АЕК-ке (2026 жылға 25 950 000 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салуды не 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді немесе айыруды көздейді.

Айта кететін жайт, 434-баптың ескертуі бар, оған сәйкес, қылмыс жасаған адамның жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы, сондай-ақ дiни қызметшiлер тәубе үстінде өздерiне сенiп сырын ашқан адамдардың жасаған қылмыстары туралы хабарламағаны үшiн осы бап бойынша қылмыстық жауаптылыққа жатқызылмайды.

Ескерту: Бұған дейін ерлі-зайыпты ресми түрде 2022 жылғы 22 қарашада ажырасқан, төрт баласы анасымен қалғанын жазған едік. Ажырасқандарына қарамастан, 2023 жылдың қаңтарында Сәрсемалиев Атыраудағы жалдамалы пәтерге Ақбаянның қасына көшіп келген. Кейін олар тұрғылықты жерін ауыстырған. Бұған дейін жарияланған мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылы Ақбаян бесінші баласын босанған.

Адам өлтіру, ұрлық және алаяқтық: күдіктіге қандай айып тағылып отыр?

Сұлтан Сәрсемалиевке Қылмыстық кодекстің бірден үш бабы бойынша айып тағылған:

  • 99-баптың 2-бөлігі 1 және 13-тармақтары "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру";
  • 188-баптың 2-бөлігі "Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған ұрлық";
  • 190-бап "Алаяқтық".

Прокуратура мәліметінше, ұрлық пен алаяқтық эпизодтары қаза тапқандардың жеке заттарын жымқыру және олардың малын заңсыз сату фактілерімен байланысты.

Сәрсемалиевтің әйелі Ақбаян Мұқанғалиева күдікті деп танылған жоқ

Атырау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі мәліметінше, қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, іс сотқа жолданған.

"А. Мұқанғалиеваға қатысты тағайындалған сот-психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысы шығуы керек. Сараптама қорытындысы тергеу органына ресми түрде түскеннен кейін оған тиісті процестік құқықтық баға беріледі. Аталған қылмыстық құқық бұзушылықтарды С. Сәрсемалиев жеке өзі жасаған. Бұл қылмысты жасауға өзге адамдардың қатысы бар екені туралы деректер анықталған жоқ", - деп хабарлады прокуратура.

Ақбаян Мұқанғалиеваның отбасы мүшелерінің өліміне қатысы болмауына байланысты оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған.

"Қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша бөлек іс жүргізу аясында соталды тергеп-тексеру жүріп жатыр", - деп толықтырды прокуратура өкілдері.

Отбасының өліміне қатысты іс

Атырау облысы Жангелдин ауылындағы бір отбасының жаппай өлтірілуіне қатысты тергеу жүріп жатыр. 2025 жылғы желтоқсанда туыстары зейнеткер ерлі-зайыпты мен олардың ересек балаларының жоғалып кеткені туралы хабарлаған.

Сол кездегі мәлімет бойынша, отбасы үйден белгісіз бағытқа шығып кетіп, содан бері олардың қайда екені белгісіз болған.

Фото: полицияның баспасөз қызметі

Іздеуде төрт ересек адам болды:

  • 66 жастағы Мақсот Қарабалин;
  • 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
  • 35 жастағы қызы Мейрамгүл Қарабалина;
  • 32 жастағы ұлы Наурыз Мұқанғалиев.

Әкесі мен анасының денесі қайдан табылды?

Кейін, 6 қаңтарда Жангелдин ауылында зейнеткер ерлі-зайыптының денесі табылды. Полиция мәйіттердің үй ауласындағы шаруашылық құрылыс астынан табылғанын хабарлады.

Ерлі-зайыптыны жерлеу рәсімінен кейін бірден, 8 қаңтарда полиция іс бойынша негізгі күдіктіні жариялады. Ол отбасының 29 жастағы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев болып шықты. Оның отбасының кенже қызы Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге елден кетіп қалғаны анықталды.

Ер адамға халықаралық іздеу жарияланды.

Күдіктілер Индонезияда ұсталды

24 ақпанда Сәрсемалиев пен Мұқанғалиева Индонезияның Сенару ауылындағы қонақүйлердің бірінде ұсталды.

Келесі күні, 25 ақпанда ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақбаян Мұқанғалиеваның да іс бойынша күдікті деп танылғанын хабарлады.

Наурыз бен Мейрамгүлдің денелері қайдан табылды?

9 наурызда кешке күдікті ерлі-зайыптының Алматыға экстрадицияланғаны белгілі болды. Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаны өлтіргенін мойындап, олардың көмілген жерін көрсетті.

Ағалы-қарындастың мәйіттері Атырау іргесіндегі Геолог шағынауданынан табылды. Олар негізгі күдікті бұрын жалдап тұрған үйдің ауласына көмілген.

11 наурызда Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында Наурыз бен Мейрамгүлді жерлеу рәсімі өтті.

Фотоны дереккөз арнайы Tengrinews.kz үшін ұсынды

Сол кезде қаза тапқан отбасының жақындары редакция тілшісіне Ақбаян Мұқанғалиеваның Атыраудағы психиатриялық мекемеге жіберілгенін хабарлаған еді.

Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама