Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев құқық қорғау органдарын цифрландыру мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссия отырысын өткізді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Облыс прокурорының орынбасары Бауыржан Жұмақановтың айтуынша, цифрландыру, қылмыстық істерді электронды түрде тіркеу жұмыстары әлі де жетілдіруді қажет етеді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев құқық қорғау органдарын цифрландыру мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссия отырысын өткізді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Облыс прокурорының орынбасары Бауыржан Жұмақановтың айтуынша, цифрландыру, қылмыстық істерді электронды түрде тіркеу жұмыстары әлі де жетілдіруді қажет етеді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
2017 жылы облыстық бюджеттен полиция департаментін, бөлімшелерді қажет техникамен жабдықтауға 406 млн теңге бөлінген. 262 компьютер сатып алынды.
"Тіркелген істердің 27,3 пайыз ғана электронды түрде жүргізіледі. Бұл төмен көрсеткіш", - деп атап өтті Бауыржан Жұмақанов.
Электронды түрде тіркеліп, кейін қағаз үлгіге ауыстырылатын деректер де бар. Бұл көбіне ашылмаған қылмыстарға қатысты.
Атырау облысының прокуроры Халидолла Дәуешовтің айтуынша, электронды үлгіге ауыстырылған қылмыстық істердің көрсеткіші төмен.
"Ақтөбе, Атырау, Ақмола облыстарында электронды жүйедегі істер қатары аз. Ақмола облысында техникамен қамтылу 3 пайыз, Ақтөбеде - 30 пайыз болса, бізде - 75 пайыз. Барлық қажетті техникамен қамтылғансыздар, бәрі жаңа, бірақ дұрыс пайдаланылмайды. Себебі неде? Бюджеттен 406 млн теңге бөлінген, бірде бір облыста мұндай қаражат қаралмайды, бұл әкімдік тарапынан үлкен қолдау, алайда, көріп отырғанымыздай полициялар мүмкіндікті пайдаланбайды", - деді облыс прокуроры.
"Бұл полиция департаментіне ғана айтылған сын емес, атқарушы органдарға да қатысты. Бүгін прокуратура полицияны сынайды, миллиондаған қаржыны алып отырып, мүмкіндікті пайдаланбады деп. Ертең есеп комиссиясы егер жұмыс жүрмесе, неге осынша қаражат бөлетінімізді сұрауы мүмкін. Бұл қаржыны неге мысалы басқа әлеуметтік нысандарға бөлмейміз? Сонда не деп жауап береміз? Бұл сұрақ бәрімізге қатысты", - деді Нұрлан Ноғаев.
Бұл ретте жағдайдың нақты себебін анықтау маңызды. Пікірталаста отырысқа қатысушылар полицияның осы бағыттағы жұмысының көңілден шықпауына кадр жоқтығы басты себеп деген қортындыға келді.
Жиында, сондай-ақ, жергілікті полиция басшысы Әлібек Қайыровтың баяндамасы тыңдалды. Қылмыстың көбейгені туралы деректер болғанмен, жалпы жағдай тұрақты. Облыс әкімі атқарушы билік құқық қорғау органдары дұрыс жұмыс істеу үшін барлық қажет жағдайды жасап отырғанын атап өтті.
"Жергілікті тұрғындар проблема бола қалса, алдымен учаскелік полицияға және әкімдік өкілдеріне хабарласады. Біз учаскелік полиция қызметкерлерін тұрғын үймен қамтып отырмыз, учаскелік полиция бөлімшелері салынуда. Бұл өз кезегінде қылмыс санын азайтуға мүмкіндік береді. Фото, бейне тіркеу жобасын жүзеге асырудамыз. Жыл соңына дейін бейнебақылау камераларының санын 1,5 мың бірлікке жеткіземіз. Сіздердің тараптарыңыздан да жұмыс пен нәтиже керек", - деді Нұрлан Ноғаев.
Облыс әкімі отбасыларды талқандап, адамдарды банкроттыққа дейін әкеліп жатқан букмекерлік кеңселердің жұмысына полицияның назарын аударды.
"Букмекерлік кеңселердің жұмысына қатысты шағымдар көп. Адамдар бір күнде бар жиған-терген ақшаларын шашып кетеді. Олар заңды жұмыс істейді дейді, бірақ заңсыз казинолар мен осындай орындардың бары рас. Біріккен рейд жүргізіп, заңсыз әрекеттерді анықтау қажет. Мұның бәрі түптеп келгенде қоғамдық қауіпсіздікке әсер етеді. Бұл кәсіпкерлік қызмет, жұмыстарына араласуға ниетті емеспіз, бірақ олар да құқықтық алаң шеңберінде жұмыс істеулері тиіс", - деп түйіндеді облыс басшысы.