Бұқтырма суқоймасы суға толып барады, - деп хабарлайды Tengrinews TV тілшісі. Қазірге дейін су қоймасы жағалауында орналасқан демалу базасы мен бірқатар саяжайлар судың астында қалған.
Бұқтырма суқоймасы суға толып барады, - деп хабарлайды Tengrinews TV тілшісі. Қазірге дейін су қоймасы жағалауында орналасқан демалу базасы мен бірқатар саяжайлар судың астында қалған.
"Мәселе судың көтерілуінде емес, мәселе жағалаулардағы құрылыс жұмыстары су деңгейі төмен болған уақытта жүргізілгенінде болып отыр. Ал Қытай елі жағынан келетін судың деңгейі бақылауда тұр. Бірақ бірреттік су легі жіберілгені рас. Және ол уақытта шығыстағы көршіміз судың мол мөлшері келетіні жайында бізге ескерткен. Келген судан Бұқтырма су қоймасындағы судың деңгейіне айтарлықтай әсер ете қойған жоқ", - дейді Ертіс бассейні инспекциясының бас маманы Ольга Титенькова.
Алайда жергілікті тұрғындардың сөзіне қарағанда, бұл су Қара Ертістен келіп жатқандықтан төтенше жағдайдың алдын алуға болар еді. Себебі соңғы жарты ғасырда бұл аймаққа судың мұншама көлемі келмеген екен. Сондықтан бұл мәселеде Үкімет Бұқтырма су қоймасына Қара Ертістен келетін су көлеміне қатысты Қытай елімен белгілі бір межені бекітіп алуы керек болған. Алайда бұл келісім әлі де болса талқылану үстінде.
Шығыс Қазақстан облысы Октябрь ауылының әкімі Сергей Феклистовтың сөзіне қарағанда, Бұқтырма ГЭС-нің өкілдерімен бұған дейін де осы мәселе бойынша бірнеше мәрте әңгіме болғанымен, тараптар нақты шешімге келе қоймапты.
Ал ГЭС-тегілер жағалаулардағы үйлерді су басуына тұрғындардың өздері кінәлі деп отыр. Мәлім болғанындай арнайы комиссия мүшелері су басқан аумақты қарап шығулары керек. Ал егер Бұқтырма су қоймасындағы су деңгейі тағы да 1,5 метрге көтерілсе аймақта төтенше жағдай жариялау керек болады.