Бұрын Қайрат Сатыбалдының ұлы Бауыржан Нұрсұлтанға тиесілі болған "Байсат" көтерме-бөлшек сауда орталығы" ЖШС үлесі сатылымға қойылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Аукцион E-Qazyna порталында 18 қарашада Астана уақытымен сағат 10:00-де өтеді деп жоспарланған.
"Байсат" базарының бастапқы бағасы 28 миллиард 639,882 миллион теңге болады.
"Активтерді сату қайтарылған активтерді басқару компаниясының қызметі аясында жүзеге асырылады. Сатылымнан түскен қаражат Арнайы мемлекеттік қорға бағытталып, қоғам мүддесіндегі әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұмсалады", – делінген ақпаратта.
Еске салайық, 2024 жылдың қаңтарында Алматы прокуратурасы бұл үлесті мемлекетке қайтарды. Бұған дейін сотқа дейінгі тергеу аясында Қайрат Сатыбалды "Байсат" базарының басым бөлігін ерікті түрде мемлекетке қайтарған болатын. Сондай-ақ ол мемлекетке 650 миллиард теңге қайтарды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!