Қазақстан Президенті әлемде қақтығыстардың өршуіне алаңдаушылық білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы дағдарыс белең алған және көпжақты ынтымақтастық тетіктері айтарлықтай әлсіреген қазіргі кезде әділетті әрі тұрақты әлем құру жөніндегі ой-пікірімен бөлісті.
"Соңғы он жылда жер жүзінде қарулы қақтығыстар көбейіп, ушығып кетті. Әлемдегі әскери шығындар былтыр 2,7 триллион долларды құраған. Бұрын-соңды мұндай болмаған. Сонымен қатар алпауыт елдер арасындағы стратегиялық бақталастық шырқау шегіне жетті. Соның салдарынан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қандай да бір ірі халықаралық қақтығыстарды шеше алмайтын дәрменсіз күйге түсті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, халықаралық қоғамдастық институттары тиімді қызмет етуі үшін өзара сенімді қалпына келтіруі қажет.
"Стратегиялық сенімнің жаңа мәдениеті халықаралық ынтымақтастық пен ұжымдық шешім қабылдау үдерісінің негізі болуға тиіс. Осы ретте Қазақстан аталған қағидаттарды Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі секілді алаңдар арқылы үнемі ілгерілетіп келеді. Бүгінгі сын-қатерлерге бірде-бір мемлекет жалғыз өзі төтеп бере алмайтыны рас. Тек түбегейлі және тиімді ұжымдық іс-қимыл ғана ұзақ мерзімді нәтиже береді. Бұл орайда БҰҰ халықаралық қатынастарды реттейтін әмбебап әрі баламасы жоқ ұйым рөлін атқаруды жалғастыра беруі керек", – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы геосаяси тұрғыдан жікке бөлінудің күшеюі мен ірі державалар арасындағы сенімнің төмендеуі салдарынан БҰҰ мүмкіндіктері барған сайын шектеле түскеніне назар аударды. Сол себепті Ұйымды жан-жақты реформалау жай әңгіме күйінде қалмай, ортақ басымдыққа және стратегиялық қажеттілікке айналуға тиіс.
"Кез келген маңызды реформа БҰҰ Жарғысына сай іске асырылуы керек. Егемендік, аумақтық тұтастық және дау-дамайды бейбіт жолмен реттеу секілді негізгі қағидаттар мүлтіксіз сақталуға тиіс, ешкімге артықшылық берілмеуі қажет. Сонымен бірге Жарғының кейбір ережелері ХХІ ғасырдың талаптарына сәйкес келмейді. Соның ішінде Ұйымға айтарлықтай қолдау көрсетіп келе жатқан Жапонияға және басқа да елдерге қатысты әділетсіздік бар. Әлем өзгерді, ал Жарғы осы өзгерістердің соңынан ілесе алмай отыр. Жауапты диалогқа көшіп, келешекте құжаттың сенімділігі мен өзектілігін қамтамасыз етудің уақыты келді деп санаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!