09 мамыр 2022 10:00

"Бізде балалық шақ болған жоқ". Тыл ардагерлерінің естелігі

Жансая Қадыржанова Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алматы, 1941 жыл. Фото: ҚР кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік мұрағаты Алматы, 1941 жыл. Фото: ҚР кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік мұрағаты

Ұлы Отан соғысы жылдары әр шаңыраққа оңай соқпағаны анық. Бір отбасының отағасы, енді бір отбасының 18-ге де толмаған баласы қан майданға аттанды. Tengrinews.kz тілшісі тылда еңбек еткен ардагерлермен сөйлесіп, қиын кезеңдегі естеліктері туралы сұрады.


Ұлы Отан соғысы жылдары әр шаңыраққа оңай соқпағаны анық. Бір отбасының отағасы, енді бір отбасының 18-ге де толмаған баласы қан майданға аттанды. Tengrinews.kz тілшісі тылда еңбек еткен ардагерлермен сөйлесіп, қиын кезеңдегі естеліктері туралы сұрады.

Қиын кезеңнің бәрін көзімен көргендердің бірі - Мадина Ғабдусалимова. Ол 1935 жылы 5 cәуірде Атырау облысы, Махамбет ауданы, Жаманқала селосында дүниеге келген. Қазір 87 жаста. 

Мадина Ғабдусалимова

"Бізде балалық шақ болған жоқ. Қуыршақ ойнамадық. Түйе-сиыр жүнінен доп жасайтын едік. Шыныаяқтардың сынығын кесе етіп ойнадық. Ашаршылық, жоқ кездер, бәрін өткердік. Мектепке 1941-1942 жылы бардым. Сол жылы соғыс басталды. Әкеміз әскерге кетті. 10-сынып оқып жүрген ағам да әскерге кетті. Анам Файруза Кәкішева аудандағы жетім балалар үйінің тігіншісі болды. Анам өмірден ерте өтті, менің 12 жасымда 1947 жылы дүниеден озды. Анамның тігін машинасында тігін тігіп отырған бейнесі өмір бойы көз алдымда қалды", - деді Мадина Ғабдусалимова.

Саналы ғұмырын балаларға білім беру ісіне арнаған Мадина Ғабдусалимова соғыс жылдарындағы оқу мәселесін де тілге тиек етті.

"Біздің мектепке барған уақытымыз - латыннан кирилл графикасына ауысқан кез. Білім алған кезде кириллден бастадық, бірақ төте жазуды үйренгендерге бұл қиындық тудырды. Ер адамдар әскерге кеткенде, ауылдағы әйелдер кирилл графикасын түсінбейтін еді. Өзіміз оқып жүріп, соларды да қатар оқыттық. Жоғары сыныптың оқушылары бастауыш сынып оқушыларына сабақ берді. Соғыс кезінде мектептегі жағдай қиын болды, қалам-қағаз жетіспеді. Жылу жоқ. Қазанның күйесінен бояу, сия жасап, ескі латын графикасымен жазылған кітаптарды қағаз ретінде пайдаландық. Бәрі көз алдымда болды", - деді ол.

Ол қасіретті соғысты еске салатын "қара қағаз" туралы да айтты.

"Соғыс кезінде әскерге адам кетпеген шаңырақ жоқ. Пошташы келіп, бізге хаттар тасытатын еді. Хатты апарсақ, көпшілігі оны оқи алмайды, сауатсыз болды. Үшбұрышты, төртбұрышты хаттар келеді. Үшбұрышты хат апарсақ қуанады. Төртбұрышты хат апарсақ жылап жібереді. Төртбұрышты хат - ресми хат, "қара қағаз" деп аталады. Хат таситындарға "төртбұрышты қағаз апармаймыз" дейтін едік. Хатты апарған соң, ежіктеп оқып береміз. Олар хат жаздыртады. Үй-үйді аралап, қолдан тоқылған шұлық, мойынорағыш секілді заттарды сәлемдеге жинайтын едік", - деп еске алды ол. 

Мадина Ғабдусалимованың туған ағасы 10-сынып оқып жүргенде әскерге кеткен.

"Ағам Әнес комсомол белсендісі еді. Бойы ұзын еді, сапта бірінші тұратыны ғана көз алдымда қалды. 1943 жылы 23 ақпанда 18 жасқа толмай соғысқа кетті. Батальонның комсомол ұйымдастырушысы болды, Уфада оқыды. Чехословкияға дейін барып, 3 рет жараланды. Ерліктері үшін "Қызыл Жұлдыз" орденімен наградталған. Чехословакия жерінде опат болды. Оны көп іздедім. Чехословакиядағы Острава деген қала маңындағы "Бауырластар" зиратында жерленген. 2-3 жыл бұрын басына барып келдім. Бір уыс топырақ әкеліп, әкемнің қасына белгі қойдым. Әкемнің басына барғанда, дұға етіп отырамыз", - деді ол.

 

"Бауырластар" зиратына барған сапарынан

Тыл ардагері соғыстың бітуіне 4 күн қалғанда опат болған ағасынан келген хатты оқып берді. 

"Ағам 3 рет госпитальде жатты, госпитальден 1 апта кеш шықса, аман қалар ма еді деп ойлаймын. 15 мамырда 20 жасқа толар еді. Менде ағамның 3 хаты бар. 1945 жылғы 27 наурыздағы хатында: "Ата-анамызға, Мәденжанға, Әсужанға, балаңыз Әнестен көп-көп сәлем! Бұл сәлемнің соңында сіздердің хаттарыңызды алып, бір қуанып қалдым. 50 күндей жүріп келемін. Өйткені өте алыс. Күннен күнге сендерден алыстап барамын. Ал ақа (Еск. әкемізді "ақа" дейтінбіз - Мадина Ғабдусалимова) көп кешікпей жауды өз жерінде талқандап, аман-сау елге қайтармын. Осы күнде жау қарсыласып жатыр. Ұрыста аман жүріп жатырмыз. Тек сиректеу хат келіп тұрады" деп жазыпты", - деді ол.

Майданнан жеткен хат

Мадина апаның айтуынша, соғыс аяқталған соң халықтың жағдайы қиын болған. Кадр жетіспеген. Кейін балаларға кешкі мектептер ашылған. 

Тыл ардагері Мадина Ғабдусалимова мектепте бастауыш сынып мұғалімі болған, кейін партия құрамына өтіп, аудандық комсомол комитетінің хатшысы, Новобогат, Бақсай аудандары қосылғанда, бірінші хатшы болған. Алматыда, Мәскеуде білім алған. 80 жасқа дейін еңбекке араласқан. Мадина апа оқып жүрген кезінде соғысқа қатысқан, екі аяғынан айырылған батыр, есімі аңыз тұлға Алексей Маресьевпен де кездескенін айтты.

Мадина Ғабдусалимова қиын-қыстау кезеңді көзімен көргендер күн санап сиреп бара жатқанын, бірақ өз деңгейінде көмек көрсетіліп жатпағанын жеткізді.

"Былтыр Атырау облысындағы екі майдангерді ақтық сапарға шығарып салдық. Бірақ арамызда тыл еңбеккерлері бар. Оларға әлеуметтік көмек жеткіліксіз. Сондықтан оларға атқарған еңбегіне сай Үкімет тарапынан көмек көрсетілсін деген тілегіміз бар", - деп түйіндеді ол.

Тылда еңбек еткен ардагерлердің бірі, татар ұлтының өкілі - Сағадат Юсупова. Ол 1926 жылы Атырау облысы, Жылой ауданында дүниеге келген. 

Сағадат Юсупова 

Сағадат Юсупова 50 жылдан аса уақыт мұнай кәсіпорнында есепші болған. Бүгінде жасы 90-нан асып кеткен. Кейуана 13 немере, 29 шөбере, 1 шөпшек көріп отыр.

"Соғыс кезінде жұмыс істедік. Бәрін санаспай жасай бердік. Соғыс болмасын! Жастар аман болсын! Біз көрген бейнетті көрмесін!" - деп бастады әңгімесін 96 жастағы кейуана.

Оның айтуынша, соғыс басталған кезде 15 жастан енді асқан жас қыздар болған.

 Ардагердің қызы Мәдина Әбдіғалиева ұсынған сурет

"Соғыс басталғанда, біз жас қыздармыз. Барлық ер азаматты Отанымызды қорғауға алып кетті, аналары қоштасып жылап қалды", - деп еске алды ол.

Ол есепші болып қызмет еткен.

"16 жасымнан бастап жұмысқа қосты. Математикадан жақсы болғасын, бухгалтер қылды. Жұмысымызды абыроймен атқардық. Кешке шұлық, қолғап тоқып, майданға сәлемдеме жібердік. Ал "соғыс аяқталды" дегенде барлығымыз құшатқасып, қуаныштан жыладық", - дейді тыл ардагері.

Ардагердің қызы Мәдина Әбдіғалиева ұсынған сурет

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 447.35   490.7   4.75 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети