Қаныш Тулеушин "Даму" қорының басқарма төрағасы болып тағайындалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Бәйтерек" холдингінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаныш Тулеушин "Даму" қорының басқарма төрағасы болып тағайындалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Бәйтерек" холдингінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы - "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорында басқарма төрағасы ауысты. Холдингтің 2016 жылғы 1 ақпанда өткен директорлар кеңесінің шешімімен "Даму" қорының басқарма төрағасы лауазымына Қаныш Тулеушин тағайындалды", - делінген баспасөз хабарламасында.
Айта кетейік, Қаныш Тулеушин бұған дейін "Бәйтерек" холдингінің басқарушы директоры - басқарма мүшесі қызметін атқарған болатын.
Қаныш Тулеушин - "Болашақ" бағдарламасының түлегі. 2006 жылы ол Оксфорд университетін үздік аяқтап, инновациялық менеджменттің магистрі атанды. Сонымен қатар, "Қаржы және кредит" мамандығы бойынша Еуразия ұлттық университетінің қызыл дипломын алды.
Өз еңбек жолын ол 2004 жылы "Темірбанк" АҚ-да бухгалтер-операционист қызметінен бастады. Кейіннен сол банкте есептеу-кассалық бөлімнің бастығы болып тағайындалды. Әр жылдары "Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы" АҚ-да консультант, "Сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ-да бас сарапшы қызметтерін атқарды. 2007 жылы Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінде Инновациялық саясат басқармасын басқарды. 2008 - 2011 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде еңбек етті. 2011 жылы Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі болып тағайындалды. 2013 жылдан бастап "Бәйтерек" холдингінің басқарушы директоры - басқарма мүшесі болып жұмыс істеді.
Холдингтің баспасөз қызметінің мәліметінше, "Даму" қорын осыған дейін басқарған Ләззат Ибрагимова "Бәйтерек" холдингі басқарма төрағасының орынбасары қызметіне ауыстырылды.