Бала күтіміне байланысты берілетін ай сайынғы жәрдемақы ресми жалақының шамамен 40 пайызы болады, алайда мұнда жұмыс беруші тарапынан төлемдердің тұрақты аударылып тұруы шешуші рөл атқарады. Ұлттық экономика министрлігі қазақстандықтарға декреттік төлемдердің бір бөлігінен қалай айырылып қалмауы керек екенін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Астанада жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің көшпелі отырысы өтті. Жиында ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мемлекет жалақы төлеудің "сұр" схемаларымен күресуге ниетті екенін айтты, себебі мұндай схемалардың кесірінен адамдар әлеуметтік қорғаудан, атап айтқанда, декреттік төлемдерден айырылып жатады.
Вице-министрдің сөзінше, сөз Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін төлемдер туралы болып отыр - бұл жүктілікке және босануға, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтімге байланысты жәрдемақылар, сондай-ақ еңбекке қабілеттілігін немесе жұмысын жоғалтқан жағдайда берілетін төлемдер.
Бәрі салыққа келіп тіреледі
Әмрин жәрдемақы көлемі ресми жалақыға және әлеуметтік аударымдардың тұрақтылығына тікелей байланысты екенін түсіндірді.
"Егер қызметкер ресми түрде 300 мың теңге жалақы алып, ол үшін 12 ай бойы салықтар толық төленсе, онда әйел ай сайын шамамен 120 мың теңге бала күтімі жәрдемақысын алады. Алайда жұмыс беруші бір немесе бірнеше ай төлем жасамаса, қатысу коэффициенті төмендейді. Нәтижесінде жас ана 120 мыңның орнына 80 мың, тіпті 30 мың теңге ғана алады. Бұл – өте сезімтал мәселе", - деді Азамат Әмрин.
Вице-министрдің айтуынша, министрліктің фискалдық саясаты тек бюджетті толтыруға ғана емес, сонымен қатар бейресми жалақының кесірінен толыққанды әлеуметтік төлемдерсіз қалуы мүмкін жұмыскерлердің құқығын қорғауға да бағытталған.
Жүкті әйелдер мен бала асырап алған отбасылар қандай төлемдерге үміт арта алады?
Қазақстанда заң бойынша бала босанған ата-аналарға да, баланы асырап алғандарға да бірдей қолдау шаралары қарастырылған. Сондықтан бұдан әрі сөз баланың дүниеге келуіне байланысты төлемдер туралы болады, алайда дәл осы ережелер бала асырап алу жағдайларына да қолданылады.
Қазақстандықтар жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің бірнеше түрін ала алады:
- бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы - оны жұмыс істейтін де, жұмыс істемейтін де әйелдер алады;
- жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін біржолғы әлеуметтік төлем;
- бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтім бойынша ай сайынғы жәрдемақы - жұмыс істемейтін әйелдер үшін;
- бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтім бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлем - жұмыс істейтін ата-аналар үшін.
Декретке дайындықты қашан бастаған жөн?
Болашақ төлемдердің көлемі әйелдің декретке шығар алдындағы соңғы 12 айдағы ресми табысына тікелей байланысты.
Егер әйел жалдамалы жұмыс істесе, жұмыс берушіден ол үшін барлық міндетті төлемнің аударылып жатқанын алдын ала тексеріп алғаны маңызды:
- жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ);
- міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар;
- әлеуметтік аударымдар.
Декреттік төлемдер мен бала күтімі бойынша жәрдемақылардың көлемі дәл осы төлемдерге байланысты болады.
Қазақстанда декреттік демалыс қашан басталады?
Әдетте болашақ аналар декретке жүктіліктің 30-аптасынан бастап шығады. Ядролық сынақтардан зардап шеккен аумақтарда тұратын әйелдер үшін демалыс ертерек - 27-аптадан басталады.
Декреттік демалыс кезінде әйел уақытша жұмысын тоқтатады және табысынан айырылады. Сондықтан мемлекет жалақының орнын толтыратын әлеуметтік төлем тағайындайды.
Стандартты декреттік демалыс 126 күнге:
- босанғанға дейін 70 күн;
- бала туғаннан кейін 56 күн.
Егер босану күрделі болса немесе егіздер мен одан да көп бала дүниеге келсе, демалыс 140 күнге дейін
Декрет кезінде әйелді жұмыстан шығаруға бола ма?
Жоқ. Еңбек кодексі бойынша жұмыс беруші жүктілігіне, босануына немесе бала күтіміне байланысты демалысына бола қызметкерді жұмыстан шығаруға құқығы жоқ.
Бұл ретте декретте және бала күтіміне байланысты демалыста болған уақыт еңбек өтіліне есептеледі.
Бала туғаннан кейін ата-ананың бірі бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыс рәсімдей алады. Мұндай демалыс бала асырап алған отбасыларға да беріледі. Алайда мынаны ескеру маңызды: бұл кезеңде жалақы сақталмайды.
Қазақстанда декреттік төлемдерді кім ала алады?
Жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлемдерге жұмыс берушілері міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне әлеуметтік аударымдар төлеген жұмыс істейтін әйелдер үміткер бола алады.
Қарапайым тілмен айтқанда, егер әйел декретке шыққанға дейін оның атынан Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына ресми түрде әлеуметтік аударымдар төленсе, төлем алу құқығы туындайды.
Бала туғанда берілетін жәрдемақыны кімдер алады?
Бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әйел жұмыс істеген-істемегеніне қарамастан барлығына төленеді.
2026 жылы төлем мөлшері келесідей болады:
- 38 АЕК немесе 164 350 теңге - бірінші, екінші және үшінші балаға;
- 63 АЕК немесе 272 475 теңге - төртінші және одан кейінгі балаларға.
Егер әйел ресми түрде жұмыс істеген болса, оған қосымша жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем, сондай-ақ бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша ай сайынғы төлемдер тағайындалады.
Декреттік төлемдерді рәсімдеу үшін қандай құжаттар қажет?
Декреттік төлемдерге құжаттарды Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) арқылы тапсыруға болады. Өтініш 8 жұмыс күні ішінде қарастырылады. Нәтижесі туралы SMS арқылы хабарланады.
Егер бас тартылса, бірден дүрбелеңге түсудің қажеті жоқ. Көбіне бұл құжаттардағы немесе өтініштегі қателерге байланысты болады - оларды түзетіп, қайта тапсыруға болады. Бұл ретте әйелдің төлемдерді рәсімдеуі үшін еңбекке жарамсыздық парағы берілген күннен бастап толық бір жыл уақыты бар.
Декреттік төлемді алу үшін келесі құжаттар қажет:
- жүктілікке және босануға байланысты еңбекке жарамсыздық парағы - ол әйел есепте тұрған емханада немесе әйелдер консультациясында беріледі; оны рәсімдеу үшін акушер-гинекологты алдын ала ескертіп, жұмыс орнынан анықтама мен жеке куәлік көшірмесін ұсыну қажет; егер әйел бірнеше жерде жұмыс істесе, еңбекке жарамсыздық парағы әр ұйымнан талап етіледі;
- өтініш - ол ХҚКО-да толтырылады;
- жеке куәлік;
- банктен 20 таңбалы есепшот нөмірі көрсетілген анықтама.
Айта кетейік, арнайы шоттарға түсетін төлемдер бұғатталмайды.