Мәжіліс депутаттары зиян әрі қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлердің зейнет жасын төмендетуді ұсынды. Мәжіліс депутаттары вице-премьер Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мәжіліс депутаттары зиян әрі қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлердің зейнет жасын төмендетуді ұсынды. Мәжіліс депутаттары вице-премьер Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Жақында Қарағандыдағы "Абай" шахтасында болған қайғылы оқиға кезінде кеншілер қаза тапты. "Ақ жол" демократиялық партиясы қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейді. Бұл проблема жүздеген метр жер астында немесе қыздырылған металлургиялық пештерде жұмыс істейтін адамдарға, бұрын 1-тізім мен 2-тізімге сәйкес зейнетақымен қамтамасыз етуге құқығы бар қауіпті және аса қауіпті жұмыс істейтіндерге қатысты әлеуметтік әділеттілік мәселесін тағы да ушықтырды", - деді депутат Мақсат Раманқұлов.
Депутаттың айтуынша, бұл кәсіптегі жұмысшылардың көпшілігі зейнеткерлік жасқа дейін кәсіби ауруларға шалдығады, сондықтан өз мамандығы бойынша жұмыс істеу қабілетінен айырылады, ал көбісі зейнеткерлік жасқа дейін өмір сүрмейді.
"Осыған байланысты" Ақ жол" депутаттық фракциясы 1 және 2-тізімдерге сәйкес шахтерлер, металлургтер және басқа мамандықтар үшін зейнетке шығу жасын қайтару қажет деп санайды. Бұған дейін Еңбек министрлігі әріптестеріміздің осындай сауалына зиян еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар зейнетақы аннуитетін 40 жастан бастап пайдалана алады, бұл ретте осындай шарттар бойынша төлемдер 50 жастан басталады деп жауап берген болатын", - деді депутат.
Ол үздіксіз 5 жыл зейнетақы аударымы шартымен 40 жастан бастап кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті үшін 50 жастан бастап төлемдердің басталуының ең төменгі жеткіліктілік шегі 6 миллион теңге болып белгіленгенін еске салды.
2021 жылдың 1 сәуірінен бастап БЖЗҚ-да қауіпті өндіріс қызметкерлеріне зейнетақы төлемдерін арттыру бойынша жаңа әдістеме енгізілетіні хабарланды.
"Алайда бұл әдіс бірқатар маңызды сәтті ескермейді. Біріншіден, 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша міндетті зейнетақы жарналары бойынша азаматтардың жинақтарының орташа сомасы шамамен 1 миллион 170 мың теңге, ерікті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша жинақтардың орташа сомасы шамамен 658 мың теңге болады.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесі 22 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын, яғни 18 жастан бастап зейнетақы жинақтарын жасай бастағандардың бүгінде 40 жаста екенін есте ұстаған жөн. Бұл - орташа еңбекке қабілетті жас. Көріп отырғанымыздай, орташа сома аннуитетке шығу үшін жеткілікті сомадан шамамен 3 есе аз.
Екіншіден, тіпті талап етілетін соманы жинақтап және 40 жылда аннуитет бойынша шығып (ал зиянды және аса зиянды мамандықтар үшін мұндай қажеттілік жиі болмайды), зейнетақы ала бастағанша, 10 жыл бойы кәсіптік ауруларға шалдығатынын есептегенде, қай ақшамен өмір сүруі керек? Үшіншіден, бұл адамдар ұзақ өмір сүрмесе, уәде етілген "жоғары төлемдер" неге керек?",- деді депутат.
Оның айтуынша, мемлекеттік органдар мәселені шешу үшін ондаған миллиард теңге болмауынан қауіпті кәсібі бар адамдар үшін зейнетақы жасын қайтарудан бас тартады. Сондай-ақ, есеп комитеті жыл сайын сол бюджет қаражатының ондаған емес, жүздеген миллиардқа тиімсіз шығыстарын анықтайды. Шенеуніктер мемлекеттің кірісі осы топтағылардың еңбегі мен кеткен денсаулығының арқасында келетінін ұмытып кететінін айтты.
"Белгісіз себептермен Еңбек министрлігі депутаттардың талаптарын жоққа шығарып, 1 және 2-тізімдерді жаңарту арқылы шығындарды азайту секілді қолайлы нұсқаларды іздемейді. Мемлекет жұмысшылардың еңбегі мен кәсіпкерлердің энергиясына бейжай қарамайтынын көрсетуі керек деп ойлаймыз. "Ақ жол" фракциясы зейнетақы жасын 1 және 2-тізімдегілерге қайтаруды талап етеді және Үкімет пен БЖЗҚ-ның осыған байланысты барлық есебін талқылауға дайын", - деп түйіндеді Раманқұлов.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!