"Ақ жол" фракциясының депутаттары Қазақстанда метадонға тыйым салуды талап етеді. Депутат Меруерт Қазбекова Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысына жолдаған сауалында осындай ұсыныс айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz
"Ақ жол" фракциясының депутаттары Қазақстанда метадонға тыйым салуды талап етеді. Депутат Меруерт Қазбекова Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысына жолдаған сауалында осындай ұсыныс айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz
"Метадонды қолдану есірткіге тәуелді адамды емдеу емес, оны есірткінің анағұрлым ауыр түрлеріне көшірумен бірдей. Ресейде метадон есірткі ретінде бақылауға алынып, оған заңмен тыйым салынған, Өзбекстанда пилоттық жоба тоқтатылып, препараттың қалдықтары Қазақстанға қайырымдылық көмек, гуманитарлық жүк ретінде берілген. Қырғызстанда депутаттар метадон лоббистері көтерген есірткінің бұл түрін шығаратын зауыт құрылысын салу идеясын қолдамады", - деп мәлімдеді Қазбекова.
Депутат Қазақстанда балама емнің қолжетімділігі туралы құжат жасалғанын еске салды. "БҰҰ-ның есірткі және қылмыстар жөніндегі басқармасы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі СПИД-тің алдын алу және оған қарсы күрес республикалық орталығы арқылы Қазақстанда 2010-2014 жылдарға арналған апиынды алмастыру еміне рұқсат беретін құжат жасады. Ахуалды бақылау, іс-әрекеттер жоспары мен емді енгізу жоспары жасалып, балама емді енгізу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында қаралды. Құжатты жасаушылар, соның ішінде, БҰҰ-ның есірткі және қылмыстар жөніндегі басқармасының өкілдері елімізде метадонды енгізудің жауапкершілігін өз мойнына алмайды, жауапкершілікті атқарушыларға жүктеп отыр және метадонның бір күнге кеш жеткізілуінің өзі елде қоғамдық-саяси тәртіпсіздік қаупін туғызатынын айтады", - деді депутат.
Ол 2011 жылы алмастыру емі жөніндегі пилоттық жобаны енгізуден кейінгі теріс нәтижелер жария етілгенін атап өтті.
"2011 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің пилоттық жобасын тексергеннен кейін тәуелсіз комиссия оның есірткіге тәуелді адамдарды емдеудегі тиімсіз әрі қауіпті әдіс екені жөнінде теріс қорытынды шығарды. Түсініксіз себеппен тексеріс нәтижелері туралы ешкім тіс жармайды. Бүгінде метадонды жақтаушылар мемлекеттік бюджеттен тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде, яғни салық төлеушілер есебінен қаржы алу үшін оны өмірлік маңызды препараттар тізіміне енгізуге әрекеттеніп жатыр. Мемлекет есірткінің кез келген түрін өндіруге, әзірлеуге, таратуға, сатуға, тасымалдауға, транзитпен тасымалдауға, импорттауға, экспорттауға қылмыстық қудалау қарастыруы керек. Жоғарыда аталған жағдайларға байланысты және елдің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қауіпті ескеріп, сізден Қазақстан аумағында метадон есірткісін қолдануға тыйым салу жөнінде шұғыл шара қабылдауды, қолданыстағы заңнаманы сәйкестендіріп, метадонды медициналық мақсатқа қолдануға тыйым салынатын заттардың № 1 тізіміне енгізуді сұраймыз", - деді Қазбекова.
Еске сала кетейік, Қазақстанда метадонмен емдеу 2008 жылы тәжірибе түрінде енгізілген болатын. Пилоттық жоба Павлодар мен Теміртауда қолға алынды. Оның басты міндеті - республикада ВИЧ пен СПИД індетінің таралуын тоқтату. Бұл бағдарлама біраз елде даулы пікірлер туғызды.