Ақтөбе – әлемдік жұлдызға айналған Димаш достарының бас қосар құтты мекені. Жаз шыға Димаштың кіндік қаны тамған Ақтөбенің шежірелі тарихы мен мәнерлі мәдениетімен танысу үшін мыңдаған туристер ағылады. Жаз айы – Халықаралық "Бақытты бала" ашық вокалды балалар байқауы өтетін ай. Әсіресе, тамыздың тамылжыған кештерінде қаламыздың көркем келбетін тамашалауға әлемнің әр түкпірінен жиналған жас таланттар мен Димаш фанаттары бас қосады. Биыл V "Бақытты бала-2023" балалар байқауының жанкүйерлері әрі Димаштың фан-достары Ақтөбеміздің тарихымен танысып, Қарғалы ауданы Қасқырлы сарқырамасына барып келді.

"Ақтөбе – туған үйімдей", - дейді Санкт-Петербургтен келген Ирина Кармэн.

"Ақтөбеге алғаш табан тіреп отырсам да, бұл қаланы баяғыдан танитын сияқтымын. Әлемдегі барлық қалалардың мәдениеті айтарлықтай бірдей, қалалар көркем архитектурасымен көзге түседі. Ал, Ақтөбеде бір жан баурайтын жылулық бар. Келгеніме үш күндей болса да, бұл қалада бұрыннан тұратын секілдімін. Адамдары да өте жарқын. Айтайын дегенім, қалалардың көркін келтіретін негізінен оның тұрғындары емес пе? Ақтөбеліктер Димаш секілді ашық жарқын араласып кете береді екен. Димашты туған өлке, Димаш туған қала дәл осындай болса керек деп ойлаушы едім. Өзім 30 жыл бойы музыкалық театрда актриса болып қызмет еттім. Ән мен әртістік өнердің қиындығы мен тағдырын түсінемін, ал Димашты тәрбиелеп өсірген ортаны, Димаш оқыған мектеп пен колледжді көргенімде оның неге дәл ақтөбелік болып туғанын да түсіндім. Ақтөбе мәдениет пен өнерді ерекше құрмет тұтатын, адамдық болмысқа, ішкі мәдениетке ерекше мән беретін қала екен. Димаш та осындай эстет иесі. Ол осы құнарлы мәдениеттің өкілі, ол қазақтың, Ақтөбенің ғана емес, әлем үшін туған дара талант, дара болмыс.
Биыл жиырмадан астам Димаштың фан-достары алғашқы сапарларын әнші туып өскен үймен танысумен бастап, ол оқыған 31-мектеп-гимназиясы мен Марат Әйтімовтен дәріс алған музыкалық колледжге барды. "Сарқыт" орталығының ұйымдастыруымен Қарғалы ауданы Қасқырлы су сарқырамасына бас сұқты. Сондай-ақ, түнгі Ақтөбенің шырайлы келбетін тамашалап, "Абай" гүлзарымен жүріп өтті. Алда облыстық өлкетану музейі мен С.Жиенбаев атындағы креативті орталықпен танысуды жоспарлап отыр. "Тоғыз жолдың торабында орналасқан түнгі Ақтөбенің көз тоймас келбеті жаныма жайлылық, тыныштық сыйлады", - дейді Екатеринбургтен келген Ксения Заболотникова.

"Түнгі Ақтөбе жалт-жұлт еткен гирляндадай жарқырап, көздің жауын алатын жарығымен мені қатты арбады. Мен Ақтөбені елестетекенде кішкентай қалашық болар деп ойлағам. Үш күннен бері түнгі қаланы аралаудан жалығар емеспін. Әсіресе, маған "Абай" гүлзарындағы ерекше атмосфера ұнады. Қаланың тарихы туралы естіген сайын Ақтөбе менің қайта айналып соға беретін ыстық ұяма айналып бара жатқанын сеземін. Ақтөбеліктердің бойынан, жалпы қаладағы аурадан мамыражай күйді байқадым. Ешқайда асықпайтын сабырлылық бар. Қаланың инфрақұрылымы өте тамаша, стрит-арт өнерінің тамаша үлгілеріне куә болдым.
"Бақытты бала" байқауы жыл сайын өңірімізге табан тірейтін туристердің санын арттыруда. Жыл сайын байқаудың географиялық ауқымы да кеңейіп келеді. Димаш фанаттары үшін Ақтөбе қаласы бас қосатын ортақ мекенге, жылы ұяға айналып барады. Ақтөбе – күш алатын, қуат алатын қасиетті мекен", - дейді Ирина Кармэн.


"Бақытты бала" байқауына мен екінші рет келіп отырмын. Өткен жылы фестиваль аясында бірқатар қасиетті орындарды аралап, мәдениет ошақтарында болдым. "Бақытты бала" байқауының да қатысушыларын жыл сайын өнертанушы ретінде тыңдап келемін. Бұл балалар үлкен сахнаға дайын әншілер. Олардың деңгейі мықты. Әр жас таланттың өнеріне қарап бұл байқаудың деңгейінің биіктігін білуге болады. Ал, Ақтөбе – диеарстардың астанасы, барлық фан-достардың ортақ ұясы. Димаштың туып өскен қала біздің де екінші үйіміздей, оның гүлдену мен жарқырауына, әлемге танылуына тілекшімін", - дейді Башқұртстан мемлекеттік драма театрының актрисасы, Димаш фан-досы Эльвира Юнусова.