Әлеуметтік желілерде Алматы облысындағы әскери бөлімдердің бірінде әскери қызметшінің қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Қайғылы оқиға туралы жазбаны марқұмның әпкесі жариялады. Оның айтуынша, отбасына марқұм суицид жасады деген хабар жеткізілген, алайда туған-туыстары бұл нұсқаға сенбейді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оқиға қалай болған?
Марқұмның әпкесі Еңлік Қалтаеваның жазуынша, оның інісі Дінмұхаммед егіз ағасының артынан әскерге кеткен. Алдымен олар бір әскери бөлімде қызмет еткен, кейін біреуін басқа бөлімге ауыстырған.
"Олар бірге қызмет етті, бірақ ант бергеннен кейін Дінмұхаммедті Матибұлаққа, 01098 әскери бөліміне ауыстырды да, егізінен ажырап қалды, ал егіздерді бөлуге болмайды. Сол жерде қайғылы оқиға болды", – деп жазды ол.
17 қыркүйекте отбасы қайғылы хабар алған: Дінмұхаммед өмірден өтті.
"29 тамызда ол небәрі 19 жасқа толар еді. Еңбекқор, мейірімді, болашаққа армандары бар еді… Біз қайғыдан қан жұтып отырмыз, оның қазасын суицид деп түсіндіргеніне сене алмаймыз. Неге бейбіт кезде осындай жас жігіттер қаза табады? Бізге шындық пен әділдік қажет", – деп жазды Еңлік.
Tengrinews.kz тілшісімен әңгімеде Еңлік інісінің бөлімдегі әлімжеттікке немесе жанжалдарға шағымданбағанын айтты.
Құрлық әскерлерінің ресми пікірі
Құрлық әскерлері баспасөз қызметі 17 қыркүйекте гвардиялық гарнизондағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметшінің асылып, суицид жасағанын хабарлады.
"Осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы тапсырмасымен оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия жіберілді. ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы әскери қызметшінің туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады, оларға барлық қажетті көмек көрсетіледі", – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!