Екібастұз полициясы және әкімдік қызметкерлерінен құралған арнайы мониторинг тобының мүшелері көпшілік келетін жиынға дайындықты тоқтатты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Екібастұз полициясы және әкімдік қызметкерлерінен құралған арнайы мониторинг тобының мүшелері көпшілік келетін жиынға дайындықты тоқтатты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Бүгін 5 тамызда сауда және тамақтану нысандарын тексерген кезде карантин режимін бұзу фактісі анықталды. Дәмхана әкімшілігі, қалада қосымша шектеу шаралары енгізілгеніне қарамастан, қонақ күтуге дайындалып жатқан. Алпыстан астам адам жиналатын той болайын деп жатыр екен", - деді Екібастұз әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер.
Сондай-ақ дәмхана иесі мен отбасылық шараны өткізетіндерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылған. Материалдар карантин режимін бұзуға байланысты Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 425-бабы бойынша жауапкершілікке тарту үшін Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қарауына жіберілді.
Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауына қарағанда, елімізде күшейтілген карантин енгізілгеннен бері карантин талабын бұзудың 330-дан аса дерегі тіркелген. Тек соңғы тәуліктің өзінде Павлодарда карантин талабын бұзған 7 факті анықталған.
"Тексеріс барысында кешкі сағат 21.00-ден кейін жұмыс істеген дүкендер мен кафелер анықталды. Олар Павлодар облысындағы бас санитар дәрігер қабылдаған қаулының талабын бұзған. Сондай-ақ, тағы бір кафеде қонақтар болған. Бұл мекеменің иелері пайданы көздеп, тәртіпке бағынбаған. Осылайша, адамдардың өміріне қауіп төндірген", - дейді Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!