1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Экология министрлігі Қапшағайдағы су "тапшылығына" қатысты пікір білдірді22 қыркүйек 2020, 15:09

Фото: e-auction.gosreestr.kz Фото: e-auction.gosreestr.kz

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қапшағай су қоймасындағы су деңгейі айтарлықтай деңгейде төмендеуі мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Осыған дейін БАҚ-та Қапшағай су қоймасындағы су деңгейінің төмен болуына байланысты су тапшылығы пайда болуы мүмкін деп хабарланған еді.

"Балқаш-Алакөл бассейн инспекциясының мәліметінше, судың аз болуына байланысты Іле өзенінің ағынан келетін су деңгей жоспардағыдан төмен болған. Осыған байланысты Қапшағай су қоймасындағы су деңгейі айтарлықтай төмендеген. Орташа есеппен вегетация кезеңінде ағын су тәулігіне 70 текше метр болған.

Алайда, вегетациялық кезеңнің аяқталуына байланысты Іле өзенінің ағыны ұлғая бастады және су деңгейі күн сайын екі-үш сантиметрге артып отыр.

Бүгінде сужинағыш құбырды тереңдетудің керегі жоқ. Өйткені, Қапшағай су қоймасында халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су қоры жеткілікті", - деліген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сондай-ақ, министрлік қыркүйектен бастап су ағыны артып, тәулігіне 739 текше метрге жететінін атап өтті. Сондықтан ұңғымаларды бұрғылаудың қажеті жоқ екен.

"Бұл жұмысты жүргізу үшін жерасты сулары қорының бар-жоғын анықтау бойынша зерттеу жұмыстары және бұрғылау жұмыстарын жүргізу, ұңғымаларды тіркеу, әрі арнайы суды пайдалануға рұқсатты рәсімдеу керек. Бұл процедураның барлығы көп уақытты, қаржыны талап етеді. Сондай, бұл жұмыс өзін ақтамауы мүмкін", - делінген хабарламада.

Министрліктің баспасөз қызметі Қапшағай су қоймасы ең алдымен халықтың ауыз су, шаруашылық қажеттілігін қамтамасыз етуге, суармалы жерлерді, балық шаруашылығын және гидроэнергетиканы суаруға керек екенін жеткізді.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! 


Алматыда күн суытады