Елбасы Жаңа жылға арналған мерекелік кешке қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Елбасы Жаңа жылға арналған мерекелік кешке қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Нұрсұлтан Назарбаев қайырымдылық кешіне қатысушыларға арнаған сөзінде өтіп бара жатқан жыл бүкіл еліміз үшін жемісті болғанын атап өтті.
"Әлемде еліміздің беделі айтарлықтай нығая түсті. Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 17,5 пайызға артты. Жалпы, экономикамыз 4 пайыздан астам өсті. Бұл - бірлесе атқарған жұмысымыздың нәтижесі. Сондықтан, барлығыңызға алғыс айтамын", - деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы алдағы жылы елімізді одан әрі дамытуға септігін тигізетін көптеген шаралар өтетіні жөнінде айтты.
"2019 жылдан бастап ең төменгі жалақы 1,5 есе өседі. Бұл 1,3 миллион адамды қамтитын болады. Біліктілігін растаған мұғалімдердің еңбекақысы 30 пайыздан 50 пайызға дейін көбейеді. Құқық қорғау органдарының қызметін жақсартуды көздейтін жұмыстар атқарылады. Туризмді ілгерілету үшін де шаралар қабылданады", - деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев келер жылы жастардың әлеуетін дамытуға ерекше мән берілетінін айтты.
"Жастарға арналған арнайы мемлекеттік бағдарлама төрт міндетті жүзеге асыруға бағытталады. Бұл – білім беру, баспанамен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау және патриоттық тәрбие беру мәселелері. Бүгінгі жұмыстардың бәрі болашағымыз үшін жасалуда. Жастардың басты өмірлік бағдары еліміздің тәуелсіздігі болуға тиіс", - деді Мемлекет басшысы.
Соңында Елбасы шараға қатысушыларды келе жатқан Жаңа жылмен тағы да құттықтап, барша қазақстандықтарға зор денсаулық, бақ-береке мен табыс тіледі.
Жаңа жылға арналған кешті өткізуден түскен қаражат қайырымдылық мақсатқа жұмсалатын болады.