Қазақстан Президенті Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекті қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекті қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев Инвестициялар және даму министрлігіне бекітілген мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асырудың маңыздылығына назар аударып, олардың орындалуының аралық қорытындылары жөнінде айтты.
"Индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асырылған жылдарда 5,2 триллион теңгені құрайтын 1060 жоба іске қосылды. Соның арқасында 100 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Осы бағдарлама іске асырылғаннан бері жүзеге асқан жобалар 8 триллион теңгенің өнімін берді. Бұл - еліміз үшін аса маңызды жетістік. Біз бұған дейін өндірілмеген өнімнің 500 түрін шығарамыз", - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық даму бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижелеріне назар аударды.
"2010 жылдан бері республикалық маңызы бар 5 мың шақырым жолдың құрылысы мен қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2020 жылға дейін тағы 4500 шақырым жол іске қосылады. Қазір республикалық автомобиль жолдарының 85 пайызы жақсы күйде. Батыс Еуропа - Батыс Қытай жобасы және Астана - Теміртау, Алматы - Қапшағай, Бейнеу - Шетпе, Көкшетау - Петропавл бағыттары бойынша жолдар пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Ертіс өзені арқылы өтетін Орталық Азиядағы ең ірі көпір салынды. Осы жобаларды іске асыруға 75 мың адам тартылды. Бұл ретте, барлық құрылыс материалдарының 90 пайызы Қазақстанда жасалған", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге, Қазақстан Президенті "Құрық" теңіз порты мен "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының экономикалық маңыздылығын атап өтті.
Бұдан бөлек, Елбасы "Нұрлы жер" бағдарламасының іске асырылу нәтижелеріне тоқталып, оның аясында 10 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынғанын айтты.
"9 облыста тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Барлық бағдарламалар халықтың тұрмысын жақсартуға арналған. Жинақтағанымыздың бәрін қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағыттадық", - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті министрліктің басшылығы тарапынан ерекше мән беруді қажет ететін жекелеген мәселелерге тоқталды.
"Индустрияландыру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әлі де экономикамыздың әртараптығын қамтамасыз ете алмай отыр. Өңдеу өнеркәсібінің ішкі жалпы өнімдегі үлесі айтарлықтай өзгерген жоқ. Жалпы, қойылған міндеттерді орындауға қажетті барлық жағдай бар. Сіз экономикалық және әлеуметтік басымдықтарды іске асыруға толық жауаптысыз", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы елімізді одан әрі дамытып, Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық бағдарламаларды іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Соңында Елбасы бірқатар нақты тапсырма берді.