Елбасы "Үздік мемлекеттік қызметші" республикалық конкурсының жеңімпаздарымен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті мемлекеттік органдардың қызметкерлерін Мемлекеттік қызметші күніне орай өткізілген конкурстағы жеңістерімен құттықтады.
Елбасы "Үздік мемлекеттік қызметші" республикалық конкурсының жеңімпаздарымен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті мемлекеттік органдардың қызметкерлерін Мемлекеттік қызметші күніне орай өткізілген конкурстағы жеңістерімен құттықтады.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік қызметтің миссиясы халыққа адал қызмет ету және еліміздің ұлттық мүддесін тиімді қорғай білу екенін атап өтті.
"Мемлекеттік аппараттың үйлесімді жұмысы мықты әрі тәуелсіз Қазақстанды құруға септігін тигізді. Бүгінде еліміз әлемнің барлық жетекші рейтингінде сенімді түрде лайықты орындарға ие болуда. Экономиканың оң қарқыны сақталуда, қоғамдық келісім мен бірлік орнықты қолдауға ие", - деді Мемлекет басшысы.
Елбасы мемлекеттік қызметшілер елімізді дамытуға зор үлес қосқанын атап өтіп, ауқымды реформаларды іске асыруда мемлекеттік аппараттың маңызды рөл атқаратынына назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттігін арттыру тұрғысынан мемлекеттік аппаратты жүйелі түрде трансформациялау жөніндегі шараларға ерекше тоқталды.
"Мемлекеттің ашықтығын қалыптастыру жалғасуда. Мемлекеттік қызметтер көрсетудің бірыңғай провайдері - "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы құрылды. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың жетекшілері жыл сайын халық алдында есеп береді", - деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Елбасы мемлекеттік қызметтің меритократия және ашықтық қағидаттарына негізделген жаңа форматын енгізудің нәтижелерін атап өтті.
"Қызметкерлерге еңбекақыны жұмыс нәтижесі бойынша төлеу, сондай-ақ біліктілік пен кәсіби қабілетті тұрақты түрде арттыру мәселесі заң жүзінде бекітілді. Қазақстан мемлекеттік басқару саласында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің қағидаттарын енгізуде. Мемлекеттік аппараттың тұрақтылығы нығайды - мемлекеттік қызметтегі ауыс-түйістер екі есе қысқарды. Басқа жұмысқа ауысу 18 есе, ал жұмыстан босау - екі есе азайды", - деді Мемлекет басшысы.
Соңында Қазақстан Президенті мемлекеттік қызметшілердің жоғары әдеп нормаларын қатаң сақтауының маңызды екенін айтты.
"Бәсекеге қабілетті мемлекеттік қызметті орнықтырмасақ, өркендеген Қазақстанды қалыптастыру жөніндегі басты мақсатымызға да қол жеткізе алмаймыз. Бұл орайда мемлекеттік қызметшінің абырой-беделін сақтау маңызды. Сіздер реформалардың бел ортасында жүрсіздер. Еліміздің табысқа жетуі мен гүлденуі көп жағдайда сіздердің жемісті жұмыстарыңызға байланысты. Сіздер алдағы уақытта да мемлекетке мүлтіксіз қызмет етіп, халқымызға адал еңбек ететіндеріңізге сенімдімін", - деді Елбасы.
Әңгіме барысында Нұрсұлтан Назарбаев кездесуге қатысушылардың ел ішінде жүргізіліп жатқан реформалар мен рухани жаңғырудың негізгі бағыттарын іске асыру барысы туралы пікірін білді.
Кездесуге Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаров, Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитеті заң бөлімінің меңгерушісі М.Ахметов, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Мемлекеттік қызмет көрсетуді дамыту жөніндегі департаменттің басқарма басшысы Н.Бажаева, Алматы қалалық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы Ж.Байкенов, Павлодар облысы Ақсу қаласы Евгеньев ауылдық округінің әкімі Т.Бейсенбаева, Жамбыл облысы Жуалы ауданы Көкбастау ауылдық округінің әкімі аппаратының іс жүргізу бөлімінің басшысы М.Бектұрғанов, Ақтөбе облысы Тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Н.Бертілеуова, Павлодар облысы Шарбақты ауданы Орловка ауылдық округінің әкімі И.Галлямова, Павлодар облысы Павлодар аудандық мәслихаты аппаратының басшысы В.Гейнц, Президент Әкімшілігі Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары Ж.Ереева, Президент Әкімшілігі Жалпы бөлімінің меңгерушісі М.Жақыпов, Инвестициялар және даму министрлігі Кадр жұмысы департаменті директорының орынбасары Е.Қапышев, Алматы қаласы Қаржы басқармасының басшысы А.Құдайбергенова қатысты.