Елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан жылына 400-ге жуық әйел көз жұмады, деп хабарлады "Алматы" телеарнасы.
Елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан жылына 400-ге жуық әйел көз жұмады, деп хабарлады "Алматы" телеарнасы.
Телеарнаның хабарлауынша, Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылық өршіп тұр. Елімізде соңғы уақытта күйеулерінен оңбай таяқ жеп, дағдарыс орталықтарын жағалап жүрген әйелдердің саны күрт артқан. Тіпті, құрбандардың бас сауғалайтын баспаналарында орын жетіспеушілігі байқалады. Алайда ресми дерек басқаша. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жұбайларына жәбір көрсететіндер саны соңғы 10 жылда 5 есеге азайыпты. Отбасылық ұрыс кезінде орын алатын қылмыс саны төмендеген. Былтырдың өзінде еліміз бойынша жанұядағы жанжал кезінде 480 қылмыс жасалған.
Шынында, әлеуметтік ауыр салдары бар тұрмыстық зорлық-зомбылық ешқашан өзектілігін жойған емес. Елімізде бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?
"Ресми дерек бойынша, елімізде әр сегізінші әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болады екен. Тұрмыс жағдайындағы қысымнан жылына 400-ге жуық нәзік жанды көз жұмса, күн сайын әр бесіншісі соққының астында қалады. Оның қатарында, қарттар мен балалар да бар. Өткен жылы Алматыда тәртіп сақшыларына 1700-ге жуық арыз түсіп, 700 әкімшілік хаттама толтырылған. Сондай-ақ, осындай көлемде сот шешімімен әйелдеріне белгілі бір қашықтықта жақындамау турасында нұсқаулық беріліпті. Полицейлер қорғансыздарға қорған болатын заңның барын айтады", - деді тілші Жадыра Омаржан.
Алайда, құқыққорғаушылардың сөзі басқа.
"Қазір Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайы оңалып келеді. Бұл бізде қабылданған заңның аясында жүзеге асып отыр. Отбасында төбелес шығаратындарға, егер сот шешімімен әйелдеріне жақындамау туралы нұсқаулық берілсе, оны міндетті түрде орындау керек. Заң ескерілмесе, арты әкімшілік қамауға дейін апарады. Ал үйінде ішкілікке салынған ата-аналарға да биылдан бастап заң күшейтілді", - деді ҚР ІІМ жергілікті полиция қызметінің жұмысын үйлестіру басқармасының басшысы Алексей Милюк.
"Өзекті мәселелердің бірі - бұл отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері. Былтырғы жылы 1600-ден астам азаматтар көмек сұраған болатын. Яғни, отбасында психолигиялық, моральді және дене зорлық-зомбылықтарын алған азаматтар. Олардың барлығына дер кезінде көмек көрсетілді", - деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Ал Лена есімді әйел ішімдік ұрттайтын күйеуін емдетіп, сан мәрте түзелуге мүмкіндік берген. Алты баланың әкесі қамқорлық танытудың орнына, күнде таяқтың астына алған. Шыдамы таусылған ол балаларын алып, жолдасынан безіп кеткен. Оған қоса, жанұяның 4 жыл бұрын үйі түгі қалмай өртеніп, содан бері 7 адам әр жерге қонып жүр. Енді балаларымен жалғыз қалған келіншек еңсесін тіктегенше дағдарыс орталығында күнелтіп жүр.
"Күйеуіммен 24 жыл бірге тұрдық. Ішіп келсе, балаларға да маза бермейді. Әбден қиналған маған инспектор дағдарыс орталықтары барын айтып, осында жол сілтеді. Қазір мұнда келгеніме аз күн болды. Бірақ соған қарамастан шақырту бойынша пәтер тазалайтын компанияға жұмысқа тұрдым. Балаларды мектепке орналастыруым керек. Олар ұрып-соғудан кейін қорқып қалған. Сондықтан "оқымаймыз" деп әлек салып жатыр", - деді Лена.
Ал бас амандығын ойлап бас сауғалағанмен, барған орталықта басқа проблема жоқ емес. Республиканың әр өңірінен де келіншектер келетіндіктен орын жетіспейді. Мәселен, 20 орынды баспанаға 6 айда 67 адам тұрақтапты. Басты мәселе - Алматыда тіркеуі жоқтар өздері жұмысқа орналаспақ түгілі, балаларын мектепке бере алмайды. Сондықтан көп жағдайда әйелдер ер азаматтарға экономикалық тұрғыдан тәуелді, дейді мамандар.
"Осы біздің баспанамыздың көмегіне жүгінген әйелдердің 30 пайызына дейін қайтадан қайтып барады екен үйлеріне. Өйткені басқа баратын жері жоқ. Екіншіден, келісімге келетін көрінеді. Оны да былай дұрыс шығар деп ойлаймыз. Өткенде сондай жұмыс көрген соң, енді ер азаматтар ары қарай өзін дұрыс ұстап, қол жұмсамайды деп ойлаймыз. 50 пайызы жәбірленушілеріміз арызданып, ажырасады. Соттасып жатады", - деді Arasha тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған баспанасының директоры Маргарита Өскембаева.
Өкініштісі, ашылып жатқан орталықтар да мәселені түбегейлі шешпейді. Ондай жерлерде олардың өзі 6 айдан артық тұрмайды. Ал ұрған күйеулері әкімшілік қамаққа сот шешімімен бар болғаны 5-тен 15 тәулікке дейін қамалады. Заңгерлер көп жағдайда судья айыппұл төлетіп, жазаламайды дейді. Себебі, оны отбасының ортақ бюджетінен төлеу керек болады. Сондықтан біз сұраған заңгерлер қос қолдап, жазаны әкімшілік емес, қылмыстық ретінде қарастырған жөн, тіпті бөлек министрлік құрылып, мемлекет отбасы құндылығына жіті мән берсе де артық етпейді деп отыр.
"Қайтадан келеміз. Қайтадан келеміз. Ондай заңымыз бар негізінде. Тұрмыстық зорлық-зомбылық деген заң бар бізде. Кейбір мемлекеттерде ондай заң жоқ екен. 5 тәулікке отырып шығады. Қайтадан келеді. Одан әйел қорқады. Қорыққан соң не істей алады? Ешнәрсе істей алмайды. Сол үшін біріншіден, 5 тәулік деген ол аз. 15 тәулік болса да аз негізінде. Қылмыстық жауапқа тарту керек. Бізде министр болу керек. Әйелдердің құқықтарын қорғайтын министр керек", - деді қорғаушы Айман Омарова.
"Арнайы заңды да жөнді қолданбай жүрміз. Әйелдердің құқығын қорғайтын орган бар. Пана болатын тегін дағдарыс орталықтары қарастырылған. Қоғам тепкінің астында қалғандарды жазғырады. Ал біз сондай қателікке барғандардың жазасын беруіміз керек. Олардың суреттерін билбордтарға ілейік. Жұрт солардың бет жүздерін көрсін", - деді заңгер Станислав Лопатин.
Қуантарлығы, басқа мемлекеттерге қарағанда бізде арнайы заң бар. Тек әкімшілік жазаға көнбейтіндердің қателігін қылмыстық іс ретінде қарастырса, дейді көпшілік. Мүмкін, отбасының шырқы сонда ғана бұзылмас.